Өткен жексенбіде Атырауда Исатай мен Махамбет алаңында өткен митингіге қатысушылар Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атына «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы» 2015 жылдың 2 қарашасындағы №389-V З ҚР Заңымен ҚР Жер кодексіне қосылған нормаларды, яғни жерді 25 жылға шетелдік азаматтарға және заңды тұлғаларға жалға беру, сонымен бірге жерді жаппай аукционда сатуды өткізуге 2016 жылдың 21 мамырына дейін тыйым салу талабымен жазылған Резолюцияның астына қол жинады.
Атап айтқанда, әңгіме Жер кодексінің «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге меншiк құқығы» деп аталатын 24-бабының: «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі елу пайыздан асатын заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жиырма бес жылға дейінгі мерзімге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалану құқығымен ғана иелене алады» делінген 1-тармағы туралы қозғалып отыр.
Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беруге қатысты сарапшылардың пікірлері әр алуан. Осы сұраққа қатысты арнайы «Ақ Жайық» үшін танымал экономист Олжас ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ өз пікірін білдірді:
- Жер кодексі өзгертілуі тиіс деп есептеймін. Оған жерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғаларға, сонымен қатар шетелдік құрылтайшылар құрамындағы заңды тұлғаларға сатуға тыйым салатын тармақ енгізу керек. Қазіргі кезде компаниядағы шетелдік үлес 50 пайыздан асқан жағдайда ғана сатуға тыйым салынған, ал бұған үзілді-кесілді тыйым салу керек.
Жалға беруге рұқсат етуге болады, бірақ тек Қазақстанмен ортақ шекарасы жоқ елдердің азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана. Сонымен қатар үш жыл ішінде және одан көп мерзімде жер телімі пайдаланылмаған жағдайда жалға беру тоқтатылатындығы туралы норманы қарастыруға болады.
- Сіз қазір нақты бір бап бойынша айтып отырсыз ба?
- Иә, әңгіме 24-бап туралы болып отыр. Бірақ мұны «Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер учаскелерiне меншiгi» деген 23-бапқа да қолдануға болады. Әрине, мұның жасалған келісімшарттарға қатысы болмауы тиіс, олар бойынша мәселе елдердің мүдделеріне сай жеке-жеке шешілуі тиіс.
- Кейбір экономисттер мен саясаттанушылар шетелдіктерге жерді жалға беру еліміздің ауыл шаруашылығын алдыңғы қатарға шығарар еді деп сендіреді. Бұған қатысты сіз не ойлайсыз?
- Жалға беруге болады деп есептеймін, бірақ, қайталап айтамын: саяси тәуекелді азайту керек, осыған қатысты халық алаңдаушылық білдіріп отыр. Тек ҚР-мен ортақ шекарасы жоқ елдердің жеке және заңды тұлғаларына ғана жалға беру керек. Алайда жалпы жерді жалға алу мүмкіндігінің өзі көп нәрсені өзгертпейді. Өйткені инвестор үшін басқа қалған проблеманың барлығы: сыбайлас жемқорлық, бюрократия, ауыл шаруашылығы компанияларының жеткіліксіз қолдауы, тозығы жеткен немесе жоқ инфрақұрылым, кадрлардың жоқтығы сақталып қалады. Алдымен осы проблемаларды шешу керек, әйтпесе бәрі керісінше болуы мүмкін.
Жазып алған Сәуле ТАСБОЛАТОВА