Атырау, 27 сәуір 08:10
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Атыраудағы митинг қарары 2 күннен соң Ақордаға жолданады

4 729 просмотра

Әлеуметтік желілерде ел президенті мен парламентарийлерінің атына Атырау облысы тұрғындары мен қала қонақтарының атынан авторы көрсетілмеген Ашық хат мәтіні тараған еді. 24 сәуірде Атырауда Исатай-Махамбет алаңында өткен рұқсат етілмеген митингке бұл мәтіннің қатысы жоқ.

– Мен бұл хаттың мазмұнын сізден бірінші рет естіп отырмын, - деп мойындады телефон арқылы қоғам белсендісі Макс БОҚАЕВ. Оның жеке бастамасы жергілікті билік рұқсат етпесе де, жаппай митингке ұласқан еді. – Менің де, Талғат АЯННЫҢ да бұл мәтінге еш қатысымыз жоқ.

– Фейсбуктегі өз парағыңызға «Халықтық митинг қарарын» ілгеніңізге қарағанда, оның мәтіні әлі билікке берілмеген сияқты ғой?

- Бұл мәтінге сол күні алаңда айтылған мәселелердің барлығы енгізілді. Ол қазір фейсбукте менің аккаунтымда ілініп тұр, адамдар танысып, оған өз ұсыныстарын немесе түзетулер енгізе алады. Соңғы тұжырымдамаларды пысықтап, жолдау ғана қалып тұр.

– 24 сәуірде алаңда қанша қол жиналды?

– Мыңдаған қатысушылар сол жерде қарарға қол қойды. Жалпы осының өзі жеткілікті. Өйткені Атырау үшін бұл қоғамның едәуір бөлігі. Алайда маған сол күні белгілі бір себептермен қолдарын қоя алмаған адамдар хабарласып жатыр. Мені фейсбук арқылы табу оп-оңай, ертең кешке дейін ниет білдірушілердің қолдарын қабылдап, Митинг қарарының түпнұсқасын Астанаға жолдаймыз. Ал көшірмесін Атырау облысының әкімі Н.НОҒАЕВҚА апарып береміз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

2016 жылғы 24 сәуірде Исатай-Махамбет алаңында өткен Халықтық митинг қарарының жобасы

Қазақстан халқына,

ҚР президенті Н. Назарбаевқа,

ҚР Парламенті Сенатының төрағасына,

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасына,

ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасына

Біз, Қазақстан азаматтары, елімізде қалыптасқан саяси, қоғамдық, экономикалық ахуалға, атап айтсақ, 2015 жылғы 2 қарашадағы № 389-V ҚРЗ ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңымен ҚР Жер кодексіне өзгертулер енгізілгеннен кейінгі ҚР Үкіметінің осы баптарды жүзеге асыру бойынша жоспарларына байланысты қатты алаңдап отырмыз. Бүгінгі таңдағы осы ең өзекті мәселені бірнеше сағаттар бойы талқылағаннан кейін, отандастарымыздың үлкен қолдауын сезініп, билікпен конструктивтік диалог жасау мүмкіндігіне үміттене отырып, Қазақстан азаматтарының жиналысы келесілерді талап етеді:
1. 2016 жылғы 21 мамырға дейін 2015 жылғы 2 қарашадағы № 389-V ҚРЗ ҚР Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңымен ҚР Жер кодексіне қосылған нормалардың күшін жоюды, яғни, шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға 25 жылға жерді жалға беруге, сондай-ақ жерді аукцион арқылы жаппай сатуға тыйым салуды;
2. ҚР Жер кодексінің қазіргі нормалары Қазақстан халқының мүдделеріне сәйкес келмейтіндіктен, осы құжатты түбегейлі өзгерту бойынша жұмыстарды тез арада бастауды;
3. ҚР аумағындағы шетелдік мемлекеттердің барлық әскери базаларын жабуды, ҚР аумағында осындай полигондар мен әскери базаларды орналастыруға тыйым салуды;
4. Ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелерінің иелері туралы толық ақпараттарды жариялауды;
5. ҚР азаматтарына, соның ішінде Атырау облысы тұрғындарына жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскелерін беруді жеделдетуді талап етеміз. Үстіміздегі жылдың ақпан айының басындағы жағдаймен қарасақ, Атырауда осындай жер учаскелерін алуға 69 (алпыс тоғыз) мың адам кезекте тұр.

Құрметті, мемлекеттік билік өкілдері!
Митингіде, сондай-ақ, ҚР мектептерінде үш тілде оқытуды енгізу бойынша әбден ойластырылмаған, халқымызға зиянды шешім туралы да сөз болды. Қазақстанда тек қазақ тілінде оқытылатын мектептердің әлеуетін сақтап, көбейту керек деп есептейміз. Әйтпесе, қазақ тілінің болашағына зор қауіп төнуі мүмкін.

Митингке қатысушылар атынан:

Макс Бокаев, Талғат Аян
26 сәуір 2016, 15:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.