Атырау, 26 желтоқсан 05:35
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Күй қағанын құрдастары еске алды

4 883 просмотра

Биыл ҚР Халық әртісі, күйші Рысбай ҒАБДИЕВ тірі болса 75 жасқа келетін еді. Өткен аптада Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің музыка және өнер кафедрасының студенттері өнер жолында мәңгілік із қалдырған домбырашы-дирижер ұстазды еске алу кешін ұйымдастырды.

 

Рысбай Ғабдиев - әрі күйші әрі дирижер ретінде ел есінде. Оның домбырада ойнау шеберлігі бөлек әңгіме. Ол әр күйдің тарихын естір құлаққа дөп жеткізе білді.

Он жыл бойы осы музыка факультетін басқарған ұстаз талай өнерлі жасты тәрбиелеп, шыңдады. Шәкірттері ұстазына қарап тамсанатын. Бүгінде ағаның дүниеден озғанына жеті жыл болды. Ол туралы режиссер Шапай ЗҰЛҚАШ қызықты оқиғаларды еске түсіріп, әзілімен бірге айналасындағы адамдарды баурап алатынын әңгіме етті.

Оның шәкірттерінің бірі Мұстахим МҰХТАРОВ ұстазы жайлы былай деді: «Ағайдың жүрген жерінде тәртіп, тып-тыныш, артық дыбыс болмайтын. Шеберлік сабағын ағай жүргізетін. Мен ол кезде оркестрде контрабаста ойнадым. Құрамда 40 кісі болатын».

Концертте Рысбай ағаның жиен немересі Бибіфатима АЗИЕВА да өнер көрсетті. Ал студенттер болса ән мен күйді әуелетті. Елімізге белгілі домбырашы Айгүл БАТЫРХАЙЫРОВА  Динаның «16 жыл» күйін орындап берді. 

Кеште Рысбай ағаның өзі құрған Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптарының оркестрі  де өнер көрсетті. Қызы Ақмарал ҒАБДИЕВА келген қонақтарға әкесінің орындауындағы күйлер жазылған дискілер мен кітаптарды таратып, әкесінің өнер жолын баяндайтын деректі фильмнің дайындалғанын айтып, музыка және өнер кафедрасына музыкалық орталықты тарту етті.

Айнұр САПАРОВА

8 желтоқсан 2011, 18:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.