Атырау, 29 қараша 07:31
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Қытайдан диқаншы отбасы келді

2 478 просмотра

22 наурыз күні Атырауға Қытайдың Іле облысы Нылқы ауданынан бір қазақ отбасы көшіп келді.

Отағасы Болатжан СҰЛТАН (суретте) атамекенге оралуды көптен бері аңсап жүрген. Оның бір ұлы қазір Қытайда оқып жатыр, ал, екінші ұлы 15 жаста, қазір Атырауда кириллицаны оқып, агроколледжге түсуге дайындалып жүр. Сонымен бірге, туған жиені Баратжан ТАСҚЫН Атырау мұнай және газ институтының 1-курсында оқып жатыр Қытайдан келген қазақ жастары» мақаласын қараңыз).

- Біз жұбайым Сара Медио екеуміз атамекенімізге бір кісідей үлес қоссақ, диқаншылықпен айналыссақ деп келіп отырмыз. Тағы біздің туыстарымыздың бірнеше отбасылары біз осында орнығып алған соң Атырауға келеміз деп отыр, - дейді Б.Сұлтан.

Ата-бабаларының аманатын арқалап келіп отырған ол Қазақстанға келуді ойласа да, Атырауға келу туралы ой үш ұйықтаса да түсіне кірмегенін айтады. Олардың мұнда келуіне біздің қалада оқып жатқан ұлы мен жиені себепші болды.

- Сондай-ақ, мұнда келуімізге Атырау мұнай және газ институтының жанындағы «Жібек жолы» орталығының маманы Әлия ТАЗАБЕКОВА мен институтта қытай тілінен дәріс беретін аға ұстаз Нұрбақыт УӘЛІБАЙ ықпал етті, - дейді Б.Сұлтан.

Ол бізге Нылқы ауданында тұратын қазақ отбасыларының, негізінен, диқаншылық, мал шаруашылығымен айналысатынын айтып өтті. Оның отбасы да жаздай егінмен, қыстай малмен күнелтіп отыр.

- Нылқы ауданындағы үйімде 2,5 га жерім бар. Оны бізге Қытай үкіметі көп жыл бұрын бөліп берген. Көбіне жүгері, бидай дақылдарын егеміз. Қытайда жеке зауыттар өте көп, солар бізден егін өнімдерін сатып алады. Ал, қыста малымызбен жан бағамыз, - дейді Б.Сұлтан.

Қазір Б.Сұлтанның отбасы шаруалары реттелгенше Әлия Тазабекова мен Нұрбақыт Уәлібайдың (олар әріптес қана емес, ерлі-зайыпты да) үйінде уақытша тұратын болып келісті.

Ә.Тазабекова бізге Б.Сұлтанның отбасымен қалай танысқанын әңгімеледі:

- Болатжан ағаймен 2016 жылдың 26 қаңтарында Іле облысы Нылқы ауданына барғанда таныстым. Осы кісінің үйінде сол ауданда тұратын қазақтармен кездесіп, Атырау туралы, біздің оқу орны туралы айтып бердім. Сол кезде осы кісі «сіз баламызды оқытсаңыз, біз де артынан барамыз» деп, өзінің жасы 15-ке келген баласын маған ертіп жіберді.

Б.Сұлтан бірінші рет Атырауға баласы мен жиенінің қалай тұрып жатқанын көру үшін наурыздың 5-де келіп кеткен болатын. Сол кезде Әлия Тазабековамен бірге облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАННЫҢ қабылдауында болып, Атырауға диқаншылықпен айналысуға келгісі келетінін айтқан. Бұл ойы қолдау тауып, әкімдік көмек беруге келісті. Қазір Б.Сұлтанның отбасына диқаншылықпен айналысу мақсатында Бесікті ауылынан 11 гектар жер бөлінді. Енді диқаншы отбасы тұқым дайындауға кірісіп кетті. Әуелі қызанақ пен қияр секілді көкөністерді өсіруден бастауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жылыжай құрылысы үшін қажетті құрал-жабдықтар мен құрылыс материалдарын сатып алуда.

Диқаншы отбасына көмектесуге жолда тағы бір студенттердің туыстары келе жатыр. «Көп түкірсе көл болады», «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Іске сәт!

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

31 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.