Атырау, 26 қараша 11:54
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қытайдан келген қазақ жастары

Сурет
5 767 просмотра

Былтыр тамыз айының аяғында Атырау мұнай және газ институтына Қытайдан келген қазақ жастары оқуға қабылданған болатын. Қандастарымыздың студенттік өмірі мен жағдайын білу үшін аталмыш оқу орнының жатақханасына барып, жастармен сұхбат құрып қайттық.

Студенттермен сөйлесуге жатақханаға барғанымда былтыр шілде айында осы жатақханадан ашылған институтке қарайтын «Жібек жолы» қытай тілін оқыту орталығының жетекші маманы Әлия ТАЗАБЕКОВА мен институтта қытай тілінен дәріс беретін аға оқытушы Нұрбақыт УӘЛІБАЙ студенттермен сөйлесу үшін әуелі ректораттың рұқсатын алып келу керектігін айтты.

Айтпақшы, студенттерді Қытайдан алып келген де осы екі маман болатын. Атырауға пойызға билет болмай, жастар әрең шыдап, үш тәуліктей автобуспен жол жүріп келді. Енді студенттер мұңы мен қуанышын жол бастаған Әлия апайларымен және Нұрбақыт ағайларымен бөлісіп отырады. Олардың ата-аналары да Әлия Тазабековаға балаларын аманаттап тапсырып, ата-аналар атынан алғыс хаттар табыстаған.

Студенттермен жатақханада кездесуді ғылыми жұмыстар мен халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Динаш ДИАРОВА ұйымдастырып берді. Байқағаным, Қытайдан келген студент-жастар ойларын анық, еркін жеткізеді екен. Өте тәртіпті, тәрбиелі, саналы, ойлы және ұлтжанды. Олар үшін Қазақстан ата-бабаларының мекені, атамекені. Ал, бойындағы өнерлері, спортқа жақындығы бөлек әңгіме. Оны Әлия Тазабекова да, проректор Динаш Мүфтахқызының өзі де айтып өтті. Араларында пианинода шебер ойнайтын, кең диапазонды дауыс иелері және керемет сурет салатын өнерлі жастар бар. Жатақханада ілулі тұрған Балғынбек ҚАБЫЛМҰРАТ есімді студенттің «Ата қоныс» атты таудың етегіндегі жолдар арқылы ата қонысына аттың үстінде жеткен қазақтардың көші мен әсем табиғатты бейнелеген картинасын айтуға болады. Сондай-ақ, жастар спортзалдың қабырғаларына сурет салып безендірген.

Қытайдан келген студен-жастар өздері туралы айтып, алғашқы кезде бетпе-бет келген қиындықтарын жасырмады.

АМжГИ-дың экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар факультетінің «ақпараттандыру және басқару» мамандығы бойынша білім алып жатқан 1-курс студенті Айдынгүл ӨМІРБЕКҚЫЗЫ бізге Шыңжаң, Тарбағатай аймағынан келген:

- Қытайда тұратын 56 ұлт ынтымақты, берекелі, бірлікте болады. «Сен қытайсың», «сен қазақсың» деп бөлмейді, барлығының терезесі тең болады. Заңдары да кемелденген. Біз Қытайдан жамандық көріп, Қазақстанға келдік демейміз. Өйткені, бұл ата-бабаларымыздың жері, атамекеніміз болған соң осында келдік. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз жеріңде ұлтан бол» дейді. Біздің қазақ жері, қазақ елі осылай дамып жатқанда, біз де оның дамуына бір үлесімізді қоссақ деген тілекпен келдік. Біріншіден, Қытайдағы қазақ жастарын оқуға қабылдағанына рахмет айтамыз. Қаншама студент-жастарды барып әкелген Әлия Мұстафақызы мен Нұрбақыт мұғалімге рахмет айтамыз. Біз автобуспен үш күн жүріп келдік. Күні-түні отырып келдік қой, жолда қиындық көп болды. Әлия апа мен Нұрбақыт мұғалімге орындық жетіспеді. Біз үшін ол кісілер қиындықтарға шыдады. Ректор мен мұғалімдер алдымыздан шашу шашып күтіп алды. Сосын желбіретіп көк туды алып шыққанда жүрегіміз елжіреп, сондай қуанышта болдық. Біз ол кісілерге рахмет айтамыз, үйден алыстап шықсақ та, өз үйімізге келгендей болдық.

Еламан ӘШІМҰЛЫ да экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар факультетінің «қаржы» мамандығы бойынша білім алып жатқан 1-курс студенті:

Image 2- Мен Қазақстандағы ракета ұшырылатын Байқоңыр қаласы секілді Қытайдың Ганьсу провинциясынан келдім. Біздің ауылда бес мыңға жуық қазақ тұрады, сол ауылдан келген қазақтың ішінде бір өзім. Кезінде Түркия жаққа шыққан қазақтың бір бөлігі сол жерде қалып қойған. 90-жылдары аталарымыз, әжелеріміз бастап Қазақстанға екінші көш кезінде көшіп келгенде Алматыдағы Есік деген қалада тұрды. 2011 жылы өзім Қазақстанға тұңғыш рет келдім. Басында бір ай тұрып кері қайтамын деп ойладым, себебі мұнда бұрын тұрған жеріме қарағанда бәрі өзгеше еді. Бірақ, кейін үйреніп кеттім, көп ауылдарды араладым, Астанада болдық. Үш айдан кейін Қытайға қайтамын деген ойым өзгеріп кетті. Визаның уақыты өтіп, Қытайға қайтатын болып, шекарадан өткен кезде Қазақстанға бауыр басып қалғанымды түсіндім. Сол кезден бастап бабаларымның отанына келіп оқимын деген ой түйдім. 2015 жылы 11-сыныпты бітірген кезде «вичат» (уотсаптың қытайлық нұсқасы) қосымшадан Атырау мұнай және газ институтына оқушылар қабылдаймыз деген хабарландыруды көріп, үйдегі үлкен кісілермен ақылдасып, олардан рұқсат алып, виза ашқызып, осы жаққа жол бастап келдім. Аллаға шүкір бәрі жақсы, үйреніп келе жатырмыз. Сосын өзім тұрған жерде қазақ тілі сабағы бізде аз болған. Аптасына екі пар ғана. Онда бірдеңе түсініп қалсаң жақсы. Көбі ол жақта қазақ тілін отбасында үйренеді. Бір сыныпта 50 оқушы болса, ішінде бір-екі қазақ болады (Ганьсуда үш аймақ құрылған Шыңжаңға қарағанда халық арасындағы қазақтардың үлесі өте аз – «АЖ»).

Есхат БОЛАТБЕК Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы - Үрімші қаласынан келген:

- Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім. Мені осы институтта оқысын деп әкем, анам, інім әкеліп тастады. Бізді ұстаздар алдымыздан шашу шашып күшті қарсы алды. Енді оқып, білім алу өз қолымызда. Біз үшін жағдай жасап жатыр. Алайда, арада қиындықтар да бар. Біз Қытайдан келетін кезде оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік жасалады делінді. Бірақ, кейін бізге жеңілдік жасалмайтынын білдік. Егер 347 мың теңге жылдық оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік жасалса, 270 мың теңге болады. Артынан балалар бәріміз жиналып, біз 347 мың төлей алмаймыз, 270 мың төлейміз деп айттық. Біздер бұл жақта ешкімді танымаймыз, бізге аз да болса жанашырлық танытса дейміз ғой. Ақша төлей алмаған балаларды емтиханға жібермейді. Балалардың кейбіреуінің ата-анасы малшы, біреуі егінші. Біз ата-анамызға емтиханға жібермей жатыр деп айтқанымыз жоқ. Ата-анамызды бір қажетімізге керек болып тұр, бірдеңе алайық деп едік деп алдап ақша алдыртып, оқу ақысын толық төлеп, емтиханға кірдік. Бірақ, әлі күнге дейін ақшаларын толық тапсырмағандар емтиханға кіре алмай жүр. Сондай жағдайлар болды. Мәселеміз әзірге жайлап шешіліп келе жатыр. Мұғалімдердің де көзқарасы жақсы, қалғанының бәрі дұрыс.

Салауат РАХМЕТ Тарбағатай аймағынан келген:

- Біз Атырауға келіп алып Қазақстанды жамандап отырғанымыз жоқ. Шындықты айту керек қой, шыншыл болу керек. Қазақстан біз үшін туған еліміз, өзіміздің жеріміз. Осында келгенде де жергілікті жастар «сендер оралмансыңдар, қытайсыңдар, сендер, шаян жейсіңдер ме?» деп бетімізге басады. Бірақ, біздің жүрегіміз қазақ деп соғады, тұла бойымызда ағып жатқан қазақтың қаны. «Қазағым, менің елім, жерім» деп келіп отырмыз. Өзіміздің елімізде, жерімізде оқып жүргенімізге қуанамыз. Өзара берекеліміз, арада қиыншылақтар болса да бірлікте жүрміз, мәселемізді бірге шешіп келеміз. Әзір бәрі ойдағыдай. Ректорымыз да бізге көп жақсылықтар істеп, спорт залдарын, монша салып, бар жағдай жасап, қатысыңдар, көріңдер деп мүмкіндік беріп, өнерлерің болса шығарыңдар деп жатыр. Қолдап тұр, өте қуаныштамыз.

Әйтпесе, осында отырған балалардың бәрі де Қытай университеттеріне өту баллын жинап, оқуға өтіп тұрғандар. Біз сонда қалып оқитын едік, жағдай жақсы ол жақта, бәріміз өтіп тұрмыз, шарт жағдайы бәрі бар, не сұрасаң соған қатыса аласың. Бірақ, өз атамекеніңде болғаныңа не жетсін.

Ал, Іле облысынан келген студент Ержан ТОЛҚЫНБЕК ойын ашық жеткізді:

- Біз бұл жерге сыймай қалғандықтан, оқи алмай қалғандықтан келіп жатқанымыз жоқ. Керісінше небір оқулардың, небір білімдердің шыңы Қытайда болады. Біздің негізінен осы жаққа келудегі бірден-бір мақсатымыз не еді? Қазір ҚХР-да осыдан бірнеше жыл бұрын қазақ мектептері өте көп болған, ешқандай қысым болмаған, өз мұсылмандық дінімізге бара бергенбіз, мешітке баруға болатын болды. Осы соңғы бес жылдан бері қарай студенттердің мешітке баруына болмайды, сосын қазақ мектептерін қос тілді қыламыз деп, қазақ мектептерінің бәрін жойып жатыр. Сол себептен біздің ата-анамыз «біз ғой енді осы жақта туып-өстік, осы жақта жүрдік, біз Қазақстанды көре алмасақ та, біз ол жаққа бара алмасақ та, сендер өз отандарыңа барыңдар, кейінгі ұрпақтарыңды қазақы тәрбие беріп ержеткізіңдер» деп бізді осы жаққа жіберіп отыр. Әрине, бізге бірдеңе бермеді деп айта алмаймыз, өйткені Қазақстанның өз қиыншылықтары барын түсінеміз. Біз Қазақстанның дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бірақ, бейімделуде қиындық көріп отырмыз. Студенттердің бәрі бірдей сабақтарға ілесе алмай отыр, кейбір мәселелерді түсінбейміз. Бізге кішкене жеңілдік жасаса, түсіністікпен қараса деп сұраймыз. Біз шағынып отырғанымыз жоқ.

Грантпен оқып жатқан студенттердің бірі Ақжол СҰЛТАНҒАЗЫ Іле аймағынан келген. Ол бізге студенттердің ренжитін себебін ашып түсіндіріп берді.

- Бұл жерде басты мәселе жазуда да, тілде де емес. Ең басты мәселе – әлеуметтік бейімдеуде. Біз Қытайда туып-өстік, сонда мектепте 11 жыл оқыдық, онда біз көргеніміз мүлде басқаша тұрмыс. Осыны ескере отырып, біздерді Қазақстанға бірден келген кезде бейімдеу керек еді, сіздер мен біздердің арасында, яғни институт пен шеттен келген студенттердің арасында дәнекер болатын адамдар керек, жақындастыратын адам керек, - дейді Ақжол. - Мен Атырау мұнай және газ институтына түспей тұрып, Х.Досмұхамедов атындағы АМУ-да дайындық курсында оқыдым. Бір жыл осы жерге, адамдарына үйренуге тура келді. Ал, бірден оқуға түскен студенттер жаңа ортаға тез үйренісіп кете алмай жүр. Менталитеттің сәйкеспеуінен болған нәрсе қазір мәселе болып шығып жатыр. Себебі, қытайша оқыған көбі, қазақ балаларын қазақилыққа бейімдеу керек. Ал, қазір студенттер мынадай суық қарым-қатынастардан үркіп қалған соң, өздерін бұл жерде бөтен сезініп қалды. Оның үстіне қанша қазақша сөйлейміз дегеннің өзінде сіздер арасында орысша қосып сөйлейсіңдер, ал біз орысша түк түсінбейміз.

- Қазір жайлап үйреніп келе жатырсыңдар ғой, мәселелерің жайлап шешіліп жатыр. Талап студенттердің бәріне бірдей, ірі мұнай компаниялары тек жақсы оқитын студенттердің оқуына ақы төлеп, жұмысқа алуға дайын, - деп түсінік беріп өтті институттың халықаралық және академиялық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Айсұлу ТУРНИЯЗОВА. - Оқу ақысын төлеу туралы талап барлық ақылы бөлімде оқитын сутденттерге қатысты, тек сіздерге қатысты емес. Деканат қайдан келгеніңді қарамайды, ереже бәріне бір. Төленбеді ме, емтиханға жібермейді.

Ал, проректор Динаш Диарова студенттер бірінші семестрде кириллицаны оқығанын, ал қазір волонтер ұстаздар орыс тілін тегін үйретіп жүргенін айтты.

Айта кету керек, Қытайдан келген студенттердің бәрі Қазақстан тарихын жақсы біледі және елімізде болып жатқан жағдайлардың бәрінен хабардар.

Студент Баратжан ТАСҚЫН Іле аймағының әкімшілік орталығы Құлжа қаласынан келген:

- Мен бала кезімнен қытайша, Қытай тарихын оқып өстім. Қытай тарихын 100 пайыз білем десем де болатын шығар. Бірақ, өз ұлтыңның тарихын білу маңызды. 7-сыныпта Жәнібек батыр туралы дастан қолыма тиді. Маған оның батырлығы қатты әсер етті. Анам қазақ тілі, әдебиет пәні мұғалімі еді, сол кісіге барып, «шеше, біздің қазақтарда да батыр бар екен ғой» деп едім, шешем әсерленіп кетіп, мені қазақ сыныбына берді. Мектеп бітірген соң Қазақстанға жіберді. Осында келгенде қандай қорлық болса да, қандай сөз естісек те, осы жерде қайыршы болып жүрем бе, көше сыпырып жүрем бе, осында қаламын. Айтпақшы, бір байқағаным, Қытайда жастар өз алдына бөлек шағын кәсіп ашу туралы ойласа, мұнда бірден жалдамалы жұмысқа тұруды ойлайды екен...

Ал, институтта әншілігімен танылған Дина СЕРІК Тарбағатай аймағынан келген:

- Біздің бір ғана тілегіміз бар - Әлия Тазабекованы бізге жауапты етіп қайта сайласа дейміз. Оқу ақысына қатысты мәселе шешіліп отыр, ал Әлия апайды қайта бізге жауапты етіп қою мәселесі шешілмей келеді. Бұл жалғыз менің емес, осында оқып жатқан жүз шақты студенттің талабы. Себебі, Қытайдағы ата-анамызбен кезігіп, бізді осында алып келген осы кісі. Ата-аналарымыз тек осы кісіні таниды, осы кісіге айтамыз бәрін. Десек те біз көппіз, барлық қиыншылықтарға бірге төтеп береміз деп жатырмыз. Қанша дегенмен бір мемлекетке бір мемлекеттен келіп, сіңісіп кету оңай емес, өз туған жерің болса да. Мәселен, орыс тілін білмейміз деген сияқты, бірақ өз ортамыз деп келгеннен кейін бәріне үйреніп кетуге тырысамыз, - дейді Дина.

АМжГИ-ге бастапқыда 106 студент қабылданған болатын, бірақ, 6 студент Қазақстанға келмеген, қазір 85 студент қалды. Түрлі себептермен 15 студент оқуды тастап, Қытайға қайтып оралған.

Студенттермен әңгімеден мен олар үшін басты проблема жаңа ортаға бейімделу болып қалып отырғанын аңғардым (әйтеуір, үйреніп кеткенше, бірінші және екінші курстарда). Біз бір халықпыз, өте ұзақ жылдар екі түрлі өркениеттің құрамында өмір сүрдік, бірақ бір халық болып қалдық.

Қазір Қытай – бізге көрсетіп таныстырған артта қалып қойған кедей ел емес. Әңгіме қазір Қытай білім беру, денсаулық сақтау жүйесінің, ғылымның және т.б. деңгейіне дейін көтерілу туралы емес. Жастар бізге бір ғана тілегімен келді – бабаларының мәңгілік елін, Атамекенін көріп, қайнар бұлағына қайтып оралу, қазақ болып қалу. Ал, біз өзіміз қазақ болып қалуға, қандастарды қабылдауға дайынбыз ба?

Айнұр САПАРОВА

Суреттерді түсірген автор

31 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.