Атырау, 22 қараша 03:53
 бұлттыВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

​Оркестрлер шеруі

8 697 просмотра

Image 1

Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайында қалалық әкімдік пен қалалық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың саз шеруі» атты қазақ халық аспаптары оркестрінің облыстық шеруі өтті.

Оған төрт қалалық және үш аудандық оркестр қатысты. Шара алдағы үш атаулы күндерге – Құрманғазының 210 жылдығына, дирижер Рыспай Ғабдиевтің 80 жылдығына және сазгер Мәкәлім Қойшыбаевтың 90 жылдығына арналды. Сондықтан бағдарламаның міндетті шарты - Құрманғазы мен Мәкәлім Қойшыбаевтың туындыларын енгізу.

М. Қойшыбаев – Қызылқоға ауданының тумасы, көптеген күйлер мен қазақ халық аспаптар оркестріне арналған алғашқы симфонияның авторы.

Шеру Құрманғазы ауданының Мәдениет үйі жанындағы Халық оркестрінің (дирижері – Талапқали Зейнуллин) өнерімен ашылды. Біржан салдың «Көкек» әнін орындап, сазсырнайды құйқылжытқан Алмазия Жахина жоғары шеберлік көрсетті. Жалпы, бұл оркестр Құрманғазының орындаушылық дәстүрін сақтап, жалғастырып келе жатқан өнер ұжымы деп есептеледі.

Image 0

Содан кейін Жылыой ауданының Халық оркестрі өнер көрсетті (дирижерлері – Тынышбек Естаев пен Әлімжан Әбілханов). Ол тек әйелдерден құралатындығымен ерекшеленеді.

Ал, осы жерде жалғыз әйел-дирижер Зоя Насиханова болды (Исатай ауданының қазақ халық аспаптар оркестрі). Өзінің жастығына қарамастан ол өзінің тәжірибелі дирижерлік шеберлігін көрсете білді. Атырау ауылдық округінің музыка мектебі ұстаздарының «Сұлу саз – ақ желең» халық оркестрі (дирижері Жағыпар Хамитов) тек орындау шеберлігімен ғана емес, музыканттардың көптігімен де көрермендерді тәнті етті.

Жас әрі талантты дирижер Артур Қазиев Қайыршақты ауылдық округінің музыка мектебі ұстаздарының оркестріне жетекшілік етеді. Артур – Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның түлегі. Ол - мультиинструменталист, домбырада, шертерде, сыбызғыда, шаңқобызда және т.б. бірдей керемет ойнайды. Осындай ізденген дирижері бар ұжымның болашағы зор екені сезіледі.

Image 3

Мәкәлім Қойшыбаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздары оркестрінің өнері өте өзгеше болды. Музыканттар дирижерлері Қуанышқали Кипиевтің өңдеуімен танымал хит тақырыбындағы поппуриді орындап, тыңдармандарды 70-жылдар дәуірімен қауыштырды. Айтпақшы, Кипиев - облысымыздағы домбыра-примада ойнайтын бірден-бір музыкант.

Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздарынан құралған оркестр (дирижері Орақ Жауыров) жақсы ойын мен керемет үнді паш етті. Айта кету керек, мектеп директоры Ерсайын Құлғалиев осы шығармашылық ұжымға көп көңіл бөліп, аспаптар, ұлттық костюмдер алып береді.

Image 2

Бұлармен қатар көрермендерді облысымызға танымал өнер иелері – термеші әрі жыршы Елемес Мағазов, Мерей Қабдолов, Бақтыгүл Ізбасарова, Мейіржан Қабдолов, Назгерім Қаратаева мен Зарина Қабдолова өз өнерлерімен қуантты.

Жалпы, көрермендер өте риза болды. Бірақ бұл байқау болатын, қазылар алқасы жүлделі орындарды бөліп берді. Бірінші орын Атырау ауылдық округінің балалар музыка мектебі ұстаздарының Халық оркестріне, екінші орын – Қайыршақты ауылдық округінің балалар музыка мектебі ұстаздарының оркестріне, үшінші орын – Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі ұстаздарының оркестріне берілді.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

3 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.