Атырау, 17 сәуір 01:54
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

​Аңсағанның сөйлейтін суреттері

8 851 просмотра

Image 0Фото bnews.kz сайтынан алынды.11 ақпанда Атырауда танымал алматылық суретші-иллюстратор және блогер Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылды. Оның жұмыстарын 20 ақпанға дейін «Тамаша» ОСК-де тамашалауға болады. Біз суретшінің келгенін пайдаланып, оған сауалдар жолдаған едік.

- Аңсаған, біз сіздің Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тумасы екеніңізді білеміз. Туған жеріңізге жиі келіп тұрасыз ба?

- Менің әке-шешем Алматыда танысып, сол жерде үйленген. Өзімнің жолдасымды да мен Алматыда кездестірдім. Ал, менің Миялыда дүниеге келгенім рас. Мамам босанардың алдында Алматыдан кетіп, ауылдағы өзі танитын ауруханада босанғысы келген екен. Қырқымнан шығарған соң, қайтадан Алматыға алып кеткен. Миялы - әлемдегі ең жақсы жер. Көкемнің үйінің ауласында биік ағаштар болған, көлеңкесінде ойнайтынбыз, үйдің арт жағында көл бар еді, көлде қаздар жүретін. Қасынан өткенде артыңнан қуа жөнеледі. Құйрықтан тістеп алмасын деп қашатынбыз... Анамның туған аулына туыстарыма қонаққа келетінмін. Қазір олардың бәрі Атырауға көшіп алды. - Суретшілік өнерге келуіңіздің өзі бала кезіңізде орын алған қызық оқиғамен байланысты екен.

- Иә, ондай жағдай болғаны рас. 3 сыныпты бітіргенде әкем шашымды алып тастады. Оны көрген сыныптастарым мазақтап күле бастады, мен ренжіп, ол мектепке барудан бас тарттым. Ата-анама мені үйге жақын орналасқан қазақша сурет мектебіне оқуға апаруға тура келді. Осы жағдай бойымдағы сурет салуға деген ынтамды ашып берді.

- Бір сұхбатыңызда бала күніңізде әкеңіздің жарты сағат сайын айналысқан ісіңді ауыстырып отыр деп үйреткенін айтып едіңіз. Бұл қандай педагогикалық әдіс?

- Әкем «бір істен шаршағанда бос жатпа, басқа нәрсемен шұғылдансаң» соның өзі демалыс» деп үйрететін. Жарты сағат сурет салсаң, жарты сағат үйді жина, жарты сағат кітап оқысаң, жарты сағат тамақ жаса. 15 минутта істейтін нәрсеге 4 сағат уақытыңды жұмсамауды үйретті.

- Бір суретті салып 30 минут жұмсаймын деген сөзіңіз бар. Бұның кәсіби сыры неде?
- Ешқандай құпия жоқ. Сол бала кезден қалыптасқан дағды болар. Асығамын, жау қуып бара жатқандай... Әрі суреттерімді сату үшін, пайда табу үшін салмаймын. Бастысы – оның тәрбиелік мағынасы болуы керек. Менің суреттерім, картиналарым - қылқаламмен берілген менің ойларым.

- Сіздің жұмыстарыңыз ғаламтор мен әлеуметтік желілердің арқасында танымал болып жатыр. «Мамам мені өлтіретін шығар» деген суретіңіз 8 тілге аударылып, басылса, жаңылмасам, тағы бір суреттеріңізді Бразилия, Жапония секілді елдердің басылымдарына жариялауға рұқсат сұраған.

- Иә солай, оған өте қуаныштымын. Демек, әлеуметтік тақырыптар тек қазақтың жастарын ғана толғандырмайды, бұл - әлемдік ауқымдағы мәселе болып тұр ғой. Әлеуметтік желілерді менің суреттерімді басқа елдер жастарының талқылағанын көріп жүрмін. Тура біздікілер сияқты, бірақ олар смайликтерді көп қолданады екен және эмоцияларын көбірек білдіреді біздікілер «уау» деп жазса, олар «уааааааааааааааааааааау» деп жазады екен...

- Сіз Астанада өткен көрмеңізде бір суретіңізді 100 доллардан сататыныңызды және суреттерден түскен ақшаны журналист Нәзия Жоямергенқызының қайырымдылық қорына аударатыныңызды айтып едіңіз. Кей суреттеріңіздің 1 миллионға бағаланатыны рас па?

- Астанадағы сол көрмеде небәрі 3 сурет сатылып, түскен қаржы, шынымен, сіз айтып отырған қорға аударылды. Алайда, суреттеріме сұраныс соншалықты көп емес, миллиондар туралы ойламаймын да.

- Фейсбуктен депутаттыққа үміткер болуға көндіруге тырысқандар туралы соңғы постыңызды оқыдым: «Ерте әлі, шикімін десем, түсінбеді, ренжіп қалды... Ешқандай партияға кірмеймін, ренжімеңдер, өзім бір партиямын, келесі жолы дайын болам, план сондай...». Демек, сізді болашақта саясат сахнасынан көруіміз мүмкін екен ғой?

- Дайындалып жүрмін. Бұйырса болар!

Сұхбат алған Айнұр САПАРОВА

18 ақпан 2016, 16:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.