- Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына көрсетілетін қандай әлеуметтік қолдау түрлері бар?
Телефон арқылы
Сұраққа қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Рая ОРАЛОВА жауап береді:
- Халықтың өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына қолдау көрсету негізгі жұмыстарымыздың бірі болып саналады. Аталған топтарға енетін тұрғындар - Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюға қатысқан азаматтар, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, 1-2-3 топтағы мүгедектер мен 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалар, жетімдер, оралмандар, көп балалы отбасылар, жалғызілікті зейнеткерлер, аз қамтылған отбасылар, т.б.
Халықтың жекелеген топтарына көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау түрлері де әрқилы. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан азаматтар мен жесірлерге коммуналдық қызметтер үшін ай сайын тағайындалатын мекенжайлық әлеуметтік көмек, сондай-ақ, мерекелік күндер мен атаулы даталарға орай жылына бір рет тағайындалатын материалдық көмек төлемдері бар. Сонымен қатар, ҚР заңдылықтарына сәйкес, жанұялық кірісі белгіленген кедейлік деңгейі мөлшерінен төмен отбасыларына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, жанұялық кірісі белгіленген азық-түлік себеті мөлшерінен төмен, 18 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып, төленіп отыр.
Атырау қаласының тұрғындарының қатарында аталған жәрдемақыны тағайындатуға құқығы бар, бірақ ол туралы білмейтін отбасылары әлі де бар. Олар бөлімнің әлеуметтік төлем секторына (1 бөлме, тел. 76-60-26) хабарласа алады. Себебі, алдағы уақытта мемлекет тарапынан тағайындалатын әлеуметтік көмек тек мұқтаж азаматтарға ғана көрсетілетін болады.