Атырау, 23 қараша 05:24
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Шұбаттың құпияларын ашу үшін... Финляндияға!

5 620 просмотра

Image 0Сонау Еуропаның ғылыми ортасында өзін мойындата алатынына сенімді біздің жерлесіміздің есімімен таныс болыңыздар – Гаухартас ТЕМІРОВА (суретте). Ол Шығыс Финляндия Университетінде білім алып, «Түйе сүті мен шұбаттан бөлініп алынған сүт қышқылды бактериялардың антибиотикке төзімділігін анықтау» тақырыбындағы диссертациялық жұмысын зерттеуге кірісіп кетті. Осылайша ол қазақтың ұлттық сусыны шұбат пен түйе сүтінің қайталанбас емдік қасиеттерінің құпиясын ашпақшы.

Гаухартас – қазір 24-те, Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тумасы. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ көптеген республикалық интеллектуалдық жарыстарға қатысып, жоғары белестерден көзге түсетін. Өзінің айтуынша, жоғары сыныпта оқып жүрген кезінде химия пәніне деген қызығушылығы артып, ҰБТ тапсырарда химияны таңдау пәні ретінде таңдапты. 2010 жылы Гаухартас Алматыдағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығының мемлекеттік грант иегері атанады. Оқу орнын аяқтаған соң білім жолындағы жетекшісі, профессор Әсия СЕРИКБАЕВАНЫҢ кеңесімен 2014 жылы «Тағам қауіпсіздігі» мамандығының мемлекеттік грант иегері ретінде магистрлік дәрежесіне оқуға түседі. Бәрі осы кезде басталады...

Гаухартас университеттің 3-курсында оқып жүріп, жетекшісінен «Жасыл биотехнология және тағам қауіпсіздігі» деген екі дипломдық білім алу бойынша Финлияндия еліндегі Шығыс Финляндия университетімен келісімшарт жасалып жатқанын естіпті. Әрі ол жерге тек алдыңғы қатарлы студенттерді ғана жіберетінін де. Ол кезде жас қызға бұл бір арман секілді көрінетін. Дегенмен, армандар орындалады деген рас екен.

- Бізге алдымен 10 күндік семинарға барасыңдар және араларыңнан өздері іріктеп, таңдап алады деді. 2014 жылдың қараша айында семинарға 32 магистрант барып, сабақтарға қатыстық, лабораториялық жұмыстар жасадық, интервью болды, кейін бәрімізден емтихан алды. Бір айдан соң финдер таңдап алған 11 адамның тізімін жіберді. Оның ішінде мен бар екенмін. Содан кейін құжаттарымызды жинап, кері ақпан айында Финляндияға жол тарттық. 11 ай сонда болдық. 2015 жылдың желтоқсанының аяғында оқуды бітіріп келдік.

- Финляндия несімен есте қалды? Қандай ерекшеліктерін атап өтер едің?

- Финляндияда оқуда жүріп, әрине, оны Қазақстанмен салыстырып жатасың. Адамдардың түсінігін, ондағы менталитет пен іс-әрекеттерін және ерекшеліктерін қарап, екі жақтың айырмашылығын көресің. Финляндия бір кездері Ресейдің құрамында болған, алайда, тәуелсіздігін бізден бұрын алған. Ол иаза еуропалық мемлекет. Халық жалпы спортқа бейім. Бәрі спортпен шұғылданады. Сондықтан денсаулықтары мықты. Финдердің қымбат көлік мініп, қымбат киініп, мақтанғандарын байқамадық. Адамдардың көбі қарапайым, велосипедпен жүреді, салауатты өмір салтын ұстанады. Сабырлы, алдағы күнге сенімді.

Сонымен қатар халық жалпы барлық адамға ортақ ережелер мен заңдарға толықтай және қатаң түрде бағынады. Ережелер мен заңдарды бұзбайды. Ұрлық, тәртіпсіздік жағдайлары туралы естімеппін. Адамдардың қоршаған ортаны қорғауға деген ықыластары ерекше. Олар, мәселен, біз сияқты аң терілерінен сырт киім тігіп кимейді. Егер шетелдіктердің аң терісінен тігілген тон киіп жүргенін көрсе, жақтырмай, кінәлаған түрмен қарайды.

- Студенттер өміріндегі ерекшелік қандай?

- Студенттердің көпшілігі дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жиналғандықтан, бір-бірімен тіл табысу, араласу, танысу қызығушылық тудырады. «KISA» деп аталатын студенттік одақ бар, бұл топ әрбір мереке сайын түрлі салтанатты шаралар өткізіп жатады. Сонымен қатар қала деңгейінде қызықты конкурстар ұйымдастырылады. Студенттерде шпаргалка қолдану деген мүлде жоқ. Плагиат қатаң айыпталады. Студенттерге компьютер, интернет пайдалану, қағаз бастыру, шығару тегін. Барлық мүмкіндік жасалған. Тек оқуға деген ынта болса болды.

Тағы айта кететін жайт, ұшақ, пойыз, асхана және т.б. жерлерде студенттер үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған.

Image 1

- Бұл жоба саған не берді?

- Ең бірінші, бұл жобаның арқасында жан-жақтан көптеген достар таптым. Әр елдің өзіндік ерекшеліктерімен, ділімен, дәстүрімен таныс болдым, көп жерлерге саяхат жасадым. Екіншіден, білім деңгейімді, сонымен қатар ағылшын тілі деңгейімді жоғарылаттым. Еуропада диссертация жазу – қағазды толтыру емес, толыққанды ғылыми жұмыс. Үшіншіден, уақытты үнемді және тиімді пайдалануды үйрендім. Ол жақта киім-кешек пен азық-түліктің бағасы жоғары болғандықтан, ақшаны үнемді пайдалануды да үйрендім деп айта аламын. Финляндия - ауасы таза, орманы мен суы көп ел. Табиғатты қорғауға, оны аялауға, таза ұстауға үйрендім.

Өз диссертациялық жұмысының тақырыбын таңдау туралы Гаухартас былай дейді:

- Шұбаттың біздің ата-бабаларымыздың аштыққа, ауру-сырқауларға, табиғаттың қатал салқындығына төтеп беруіне көп пайдасы тиген. Зерттейтін адамға ұлттық сусындарымыздың ашылмаған қыр-сырлары әлі көп деп ойлаймын. Сондықтан диисертациялық жұмысының тақырыбын «Түйе сүті мен шұбаттан бөлініп алынған сүт қышқылды бактериялардың антибиотикке төзімділігін анықтау». Менің Финляндиядағы жетекшім тағам биотехнологиясының профессоры Атте вон РАЙТ 3-4 жылдан бері біздің университетпен тығыз қарым-қатынаста және жыл сайын Қазақстанға келіп дәріс жүргізеді. Біздерге тақырыпты Финляндиядағы жетекшілеріміз таңдап беру керек болатын, басында Қазақстанда таңдалынған тақырыбымды ұнатпай, ауыстыруымды сұрады. Өзіңіз де білесіз ғой, еуропалықтар түйе, бие сүтін тұтынбайды. Олар сиыр сүтін алғанымды қалады. Дегенмен, кейін тақырыпқа қызығып, келісімдерін берді.

Осылайша Гаухартас Финляндиядағы өз зерттеуін бастап кетеді. Шұбат пен түйе сүтінің адам ағзасына пайдалы екенін, әрине, қазақ халқы өте жақсы біледі. Бірақ бұл тек бер жағы ғана.

- Түйе сүті мен шұбатты ішкен кезде адам ағзасына пайдалы бактериялар енеді. Мен ағзаға антибиотик енгізілгенде сол бактериялардың қай деңгейде сақталатынын және сүт қышқылды бактериялардың қышқылға, өтке, асқазан және панкреатин ферментіне төзімділігін анықтап, зерттеулер жүргізудемін. Сүт қышқылды бактериялардан тиімді препараттар құрастырып, медициналық, фармацевтикалық, ветеринариялық тәжірибеге және тамақ өндірісіне ұсынуға болады. Емдік-профилактикалық пробиотикалық өнім алу үшін өсінділердің міндетті түрде антибиотикке сезімталдықтарын анықтау қажет. Менің Шығыс Финляндия университетінің микробиология зертханасында жүргізген лабораториялық зерттеулерім осы мәселелерге бағытталған. әрі мен үшін бұның барлығы бағаланбас тәжірибе болып табылады, - деп жалғастырды Гаухартас өз әңгімесін.

Біз Гаухартастан болашақтағы жоспарымен бөлісіп, осы зерттеуді жалғастыратынын-жалғастырмайтынын сұрадық.

- Докторантураға түсуді жоспарлап отырмын. Әрине, түсіп жатсам, тақырыбымды жалғастыруға тырысамын. Әрі өзімнің Қазақ Ұлттық Аграрлық Университетіндегі ізбасарларыма сапалы білім беріп, ғылым жолындағы жұмысымды алға қоюды мақсат етіп отырмын.

- Гаухартас, сізге дейін бұл тақырыпты ешкім зерттемеген бе сонда?

- Қазірге таңда бұл сала өз еліміздің және Араб ғалымдарының зерттеу тақырыбына айналды, дегенмен, шұбаттың антибиотикке төзімділігін зерттеу – менің эксклюзивті тақырыбым.

- Шетелде білім алған студенттердің көпшілігі сол жақтағы перспективаны ойлап, қалып қойып жатады. Сенде де сондай ой болған жоқ па?

- Жоқ, мен өз елімнен жырақ кеткім келмейді. Шетелге білімімді шыңдау мақсатында уақытша оқуға немесе саяхаттауға барғанды жөн санаймын. Финляндияда оқып жүріп каникул күндері Еуропаның біраз жерін араладық. Оларда бәрі әдемі, өмір сүруге жайлы. Бірақ, мен үшін бәрібір қазақ еліне ешбір ел жете алмайды.

Әңгімелескен Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА



16 ақпан 2016, 10:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.