- Жолдасымыз екеуміздің жасымыз 21-де, баламыз бар. «Жас Отау» бағдарламасы бойынша облысымызда жас отбасыларға үй тапсырудың қашан жүзеге асатынын білгіміз келеді. Аталған бағдарлама бойынша үй кезегіне тұру үшін қандай құжаттар жинақтау керек?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман АЗАМАТОВ жауап берді:
- Атырау облысында «Жас Отау» жобасын жүзеге асыру бойынша Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданында жеңілдікпен берілетін 120 пәтерлік бір тұрғын үй салынуда.
Аталған тұрғын үйге қай мезгілде құжат тапсыруға болатындығы туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары «Атырау» және «Прискаспийская коммуна» газеттеріне бір ай бұрын хабарландыру жарияланады.
Атырау облысында «Жас Отау» жобасын жүзеге асыру Қағидасының талаптары бойынша жеңілдікпен берілетін тұрғын үйді өткізу кезінде өтініш берушілердің төмендегідей санаттары бойынша тұрғын үй квотасы белгіленеді:
- көп балалы жас отбасылар, сондай-ақ, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған жас отбасылар;
- ері немесе жұбайының ғылыми жұмыстар және жаңалықтар, мемлекеттік сыйлық, облыста жастар қозғалысының дамуына қосқан үлесі, өңірдің және елдің мәдениет, өнер және спорт, білім беру, денсаулық сақтау салаларын дамытуға қосқан үлесі сияқты қоғам алдында белгілі еңбектері бар жас отбасылар;
- жұбайының біреуі балалар үйінің тәрбиеленушісі немесе жесір (ажырасқан) болып табылатын жас отбасылар;
- жұбайының біреуі мемлекеттік қызметші немесе бюджеттік сала қызметкері болып табылатын жас отбасылар;
- жұбайының біреуі әскери қызметші болып табылатын жас отбасылар;
- жұбайының біреуі Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінен Атырау облысына мемлекеттік қызметке еңбек етуге шақырылған жас отбасылар;
- жұбайының біреуі Атырау облысының коммуналдық меншігіне жататын кәсіпорындарының қызметкері болып табылатын жас отбасылар.