– Желтоқсанда Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағында онлайн-мәліметтер тарату қызметі бар бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) қолдануға қатысты өткен жиналыста өз сатылымдарын онлайн-режимде тіркеуге міндетті кәсіпорындардың тізімі әлі бекітілмегендігі хабарлаған еді. Бұл тізім бекітілді ме және оған сұлулық салондары кіре ме?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Батырбек ЮСУПОВ жауап берді:
– ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1129 қаулысымен жеке кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар ҚР аумағында жүзеге асыру кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолдануды қамтамасыз етуге міндетті болатын жекелеген қызмет түрлерінің тізбесін бекітті.
Олардың қатарында: ағаш материалдарын, құрылыс материалдарын және сантехникалық жабдықтарды көтерме саудада сату; металл бұйымдарын, су құбырын және жылыту жабдықтары мен мүкәммалын көтерме саудада сату; компьютерлерді, перифериялық жабдықтар мен бағдарламалық қамтымды бөлшек саудада сату; аудио және бейнетехниканы бөлшек саудада сату; тұрмыстық электр аспаптарын бөлшек саудада сату; жиһазды, жарықтандыру жабдықтары мен өзге де тұрмыстық керек-жарақтарды бөлшек саудада сату; қонақ үйлердің көрсетілетін қызметтерді ұсынуы; мейрамханалар және тамақ өнімдерін жеткізу бойынша көрсетілетін қызметтер; кинофильмдер көрсету жөніндегі қызмет; шаштараздардың және сұлулық салондарының көрсетілетін қызметтерді ұсынуы бар. Қызметі ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ жерлерде орналасқан салық төлеушілерді қоспағанда. Осылайша, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалардың көпшілігі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап онлайн-режимде мәліметтер беретін БКМ-ды қолдануға міндетті. Бұған киім-кешектер бутиктері мен алкоголь сатылмайтын азық-түлік дүкендері жатпайды.