– 2014 жылдың сәуірінде Атырау қаласында 2014-2020 жылдары жатақханаларды, апатты және тозығы жеткен үйлерді күреу жөніндегі облыстық бағдарлама бекітілді. Осы құжатқа байланысты біздің жатақхана 2015 жылы күрелуі тиіс болды. Бірақ күрелмеді. 2016 жылы не күтуге болады?
Ақнұр, Гагарин көшесі, 124 мекенжайындағы жатақхана тұрғыны
Сұраққа қала әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИН жауап берді:
– «2014-2020 жылдардағы кезеңде Атырау қаласының шеңберінде апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мен жатақханаларды күреу жөніндегі шаралар жоспарын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес, Гагарин көшесі, 124 мекенжайындағы жатақхана ағымдағы жылы күрелуге кететін апатты үйлердің тізімінде белгіленген. Облыстық мәслихаттың шешімі ұсыныс сипатында, осы шешімде көрсетілген апатты және тозығы жеткен үйлер мен жатақханаларды күреу бюджет қаржысының бөлінуіне қарай жүргізіледі.
Мәселен, 2014 жылға жоспарланған Баймұханов көшесі, 39 мекенжайындағы жатақхана тұрғындарын қоныстандыру тек 2015 жылы жүзеге асырылды. Гагарин көшесі, 124 мекенжайындағы жатақхана тұрғындарын көшіру мәселесі Атырау қаласында жаңа баспаналардың салыну көлеміне қарай қарастырылатын болады.
Естеріңізге салсақ, Баймұханов көшесі, 39 мекенжайындағы апатты жатақхана тұрғындары баспананы тек жатақхана опырылып құлағаннан кейін ғана алған болатын.