Атырау қаласының әкімдігі кішкентай үш баласы бар, баспанасыз қалған отбасына көмектесуге уәде берді.
ПЕРЗЕНТХАНАҒА БАРМАҒАН
Атырау тұрғыны Мұхамметдин ОРАЗЫМБЕТОВТІҢ арқасында бұл отбасының жағдайы жұртшылыққа белгілі болды. Николай ОРЛОВ пен Елена ПРИДАНОВАНЫҢ және олардың балаларының да (тұңғыштары 5 жасқа да толмаған) жеке бас куәліктері жоқ. Олар көп жылдан бері бөгде адамдарға жұмыс істеп, олардың шаруашылықтарына қарап келген екен. Билікке де, дәрігерлерге де жүгінбейді. Үш баласының үшеуін де Елена өзі, медиктердің көмегінсіз босанған. Желтоқсанның басында олар уақытша тұрып жатқан жұмыс берушісінің үйі өртеніп кетті. Көршілері Мұхамметдин олар үшін көршілерінен уақытша баспана жалдаған, азық-түліктермен көмектескен. Басқа көршілері де қолдарынан келгенше көмек қолдарын созыпты.
Бізге белгілі болғандай, бұл жағдайды қалалық әкімдік бақылауға алған. Биліктің ресми хабарламасына сәйкес, жағдайды анықтау үшін комиссия құрылып, оның құрамына қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және Атырау қ. АХАЖ бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВА, Атырау қалалық әкімдігі ТКШ бөлімінің тұрғын үй секторының меңгерушісі Марта НҰРҒАЛИЕВА, қамқоршылық органдарының, ҚІІБ-нің өкілдері, Еркінқала ауылдық округінің мамандары мен медиктер кірген. Азаматтық некеде тұрған Николай Орлов пен Елена Приданованың 2011, 2013 және 2015 жылдары туылған үш баласы бар екені анықталды.
14 қаңтарда комиссияның шешімімен анасы балаларымен Әйелдерге арналған дағдарыс орталығына, ал отағасы белгілі бір мекенжайы жоқ тұлғаларға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАЖ бөлімінің қызметкерлері Николай Орловтың құжаттарын қалпына келтіруге және жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Бұдан басқа, әрі қарай бір жасқа дейінгі балаға күтім жасау бойынша әлеуметтік төлемақы, атаулы әлеуметтік көмек және мемлекеттік балалар жәрдемақысын ресімдеуге көмек көрсетіледі. Және отбасын баспанаға кезекке қояды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде осы отбасыға көмек көрсету науқаны ұйымдастырылуда, бірнеше адам анасы мен балаларына заттар әкелген.
«БӘЛКІМ, БІР БӨЛМЕ БОЛСА ДА БЕРЕР?»
Мен қазіргі уақытта балаларымен дағдарыс орталығына орналастырылған Еленаға кіріп шықтым. Менің көзімше Еленаға ұялы телефонға оның әпкесі қоңырау шалды.
– Мен бұрын Балықшыда тұрдым, інім екеумізге ата-анамыздан екі бөлмелі пәтер қалды. Қолымнан келгенше, негізінен құрылыс бригадаларында табыс таптым. Ал Николаймен кездескеннен кейін онымен егістікке кеттім. Бірге тұрып жатқанымызға тоғыз жыл болды. Қай жерде жұмыс жасасақ, сол жерде тұрдық. Туыстарымызбен араласпадық, олар өздерімен өздері, мен өзіммен өзім. Сөйтсем, туыстарым мені өлді деп жүр екен. Олар мені іздедік дейді. Содан кейін фотосуреттен әлдебір өлген әйелді мен деп таныпты, шатастырған екен. Білмеймін... – дейді Елена.
Қалай дегенмен де, туыстарына деген ренішін, пәтерге деген өз үлесіне үміттенуге ниетін Елена сыртына шығарып айтпады. Екі бөлмелі пәтерге үлесін сұрамақшы да емес.
Еленаның айтуынша, отбасы өз-өзін қамтамасыз етуге және ешкімге қол жаймауға әдеттенген. Оларды күйеуімен екеуін әлденеше рет алдапты. Әр жаңа қожайын құжаттарын жасап беруге көмектесем деп уәде берген. Соңғы рет олар жейтін нандары үшін жұмыс жасаған, уәде етілген ақшаны да, құжаттарды да оларға бермеген.
– Тұңғыш баламыздың мектепке баруы жақын, бастысы қазір құжаттарды жасау керек. Күйеуімізбен екеуміз шаруашылықтың бәрін атқара аламыз, мал бағамыз. Ішпейміз, барымызды әуелі балаларымызға тосамыз. Балаларымның денсаулығы жақсы, бірде-бір рет дәрігерге апармадым. Әзірге бізге көп ештеңе қажет емес, ал үйімізге шықсақ, сол кезде көмек қажет болады, - дейді Елена.
Тек ол үй қайда? Өйткені көп жылдар бойына отбасы әр жерге тентіреп жүрді, баспананы оларға жалдаған адамдар беріп тұрған.
– Бәлкім, әкімдік бір бөлме болса да берер? – дейді Елена үмітін жасырмай.
Бұл билікке қойылатын сұрақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор