Атырау, 25 желтоқсан 23:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Куәлікті АХАТ береді

3 209 просмотра

- Мен 1985-1990 жылдар аралығында Семей ет-сүт өнеркәсібі институтында оқыдым. Бүгінгі күні Атырау қаласында тұрып жатырмын. Таяуда сол жылдары Семейде бірге оқыған тараздық курстасым Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азамат ретінде жеңілдіктер мен өтемақы алу құқығын растайтын куәлік алды. Досымның айтуынша, ол бұл куәлікке ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 20 ақпандағы №110 «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға бiржолғы мемлекеттiк ақшалай өтемақы төлеудiң және оларға куәлік берудің кейбiр мәселелерi туралы» қаулысы негізінде қол жеткізген. Сол жылдарда Семейде оқығандықтан ондай құжат маған да тиесілі ме? Егер тиесілі болса, мұндай куәлікті мен қай мемлекеттік органнан ала аламын? Және ол үшін қандай құжаттар талап етіледі?

Л.Досқалиев.

Сұраққа қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Рая УРАЛОВА жауап береді:

- ҚР 1992 жылғы 18 желтоқсандағы «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңы, ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 20 ақпандағы №110 қаулысына сәйкес ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен тұлғалар санатына әуеде және жер үстінде ядролық жарылыстар жасаған кезеңде (1949-1965 жж.) радиоактивті заттармен ластануға ұшыраған аумақтарда тұрған, жұмыс жасаған немесе әскери қызмет атқарған азаматтар, 1966 жылдан 1990 жылғы 1 қаңтарға дейінгі аралықта жерасты ядролық жарылыстарын жасау кезеңінде осы аумақтарда тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызмет атқарған азаматтар, 1949 жылдан 1990 жылға дейінгі аралықта әлеуметтік-экономикалық мәртебесі бар аумақта тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызмет атқарған азаматтар енгізіледі. Аталған санаттағы азаматтарға ядролық сынақтардан келтірілген залал үшін біржолғы ақшалай өтемақы тағайындалып, куәлік беріледі. Біржолғы өтемақы тағайындаумен айналысатын уәкілетті орган – Мемлекеттік зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығы Атырау облыстық филиалы, ал, куәлікті қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі ресімдейді. Аталмыш азамат осы бөлімнің әлеуметтік жағынан қорғалатын топтармен жұмыс секторына (Сәтпаев көшесі, 13 үй, 26 бөлме) хабарласып, қажетті құжаттар туралы және осы мәселеге қатысты қосымша ақпараттар ала алады.

17 желтоқсан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.