- Мені эпилепсиямен ауыратын 15 жастағы мүгедек балам Бекмұрат Қалбайға берілетін біржолғы материалдық көмек мөлшерінің жылдан-жылға азайып бара жатқандығы алаңдатады. Өткен жылы біржолғы материалдық көмек ретінде 30 000 теңге алсам, биыл 15 000 теңге ғана берілді. Бұл ақша баламды Алматыдағы «Ақсай» балалар клиникасында ем алуға апаруыма мүлдем жетпей қалды. Жылына бір рет берілетін материалдық көмекті жыл сайын шу шығарып, айлап жүріп әзер аламын. Тіпті, өткен жылы тиесілі ақшамды прокуратураның араласуымен алдым. Мен өзім жалғызбасты анамын әрі жұмыссызбын, сырқат баламды бағып отырмын. Балама ай сайын мүгедектігі үшін 47 000 жәрдемақы төленеді және 40 000 теңге алимент аламын. Алайда, оның бәрі жетпей қалады, оның үстіне күнделікті қабылдайтын дәрілік препараттарды сатып аламыз. Мен балама тиісті біржолғы материалдық көмек мөлшерінің қалай есептелетіндігін және біржолғы материалдық көмек мөлшері тағайындалатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік жәрдемақыдан (мүгедектікке байланысты) кем болмауы тиіс пе, соны білгім келеді. Сондай-ақ, мен басқа қандай әлеуметтік көмектер ала аламын?
Гүлжан Жұмағалиева
Сұраққа қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Рая УРАЛОВА жауап береді:
- Қалалық әкімдіктің 2013 жылғы 8 қарашасындағы №147 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және әлеуметтік көмек күнтізбелік бір жыл ішінде қайта көрсетілмейді. Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың 2014 жылғы 3 ақпандағы №174 шешімі бойынша тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің ішінде орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан аспайтын аз қамтылған отбасыларына, І-ІІ-ІІІ топтағы мүгедектерге, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектелген тұлғаларға біржолғы материалдық көмек тағайындалады. Аталған әлеуметтік көмек түріне арызданған Гүлжан Жұмағалиеваның құжаттары ағымдағы жылдың ақпан айында қалалық бөлімде №ЖТ-Д-1436 болып тіркелгендіктен, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына зерделеу жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша жанұяның айлық кірісі жан басына шаққанда белгіленген күнкөріс деңгейінің мөлшерінен жоғары екендігі анықталған еді (ол кезеңдегі күнкөріс деңгейі 19 720 теңгені құраса, күні бүгін 21 373 теңгені құрайды). Дегенмен, мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана екендігі және емделуіне қосымша қаражат қажеттігі ескеріліп, қалалық әкімдіктің материалдық көмекке қабылданған құжаттарды талқылайтын арнайы комиссиясына ұсынылған болатын. Арнайы комиссияда аталған жағдайлар есепке алынып, маусым айында 15 000 теңге біржолғы материалдық көмек бөлуге шешім қабылдады. Арнайы комиссияда алдымен жанұяның айлық кірісіне, тұрмыстық жағдайына назар аударылады, соған сәйкес жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың шегінде көмек бөлінеді. Ал, бөлім арқылы тағайындалатын біржолғы әлеуметтік көмек мөлшерінің Мемлекеттік зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталығы арқылы ай сайын төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қатысы жоқ. Сонымен қатар қалалық мәслихаттың 2014 жылғы 3 ақпандағы №175 шешімімен 18 жасқа дейінгі мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларын әлеуметтік қолдау мақсатында балаларды қорғау күніне орай 5000 теңге көлеміндегі біржолғы әлеуметтік көмек Г.Жұмағалиеваға жыл сайын төленіп отыр.