– Әлдебір заң құжатының негізінде Атырау-Жарық бақылаушылары неліктен қала тұрғындарына ыстық сумен қамту есептегіштерін ауыстыру және тексеру қажеттілігі туралы актілер жазып береді? Бұл есептегіштер жылу есептегіш аспаптарына жатпайды ғой. Олар тұтынылған су мөлшерін өлшейді, ал бұл басқа мекеменің қызметі.
Телефон арқылы
Сұраққа «Атырау ЖЭО» АҚ вице-президенті Алла КАНЦЕВА жауап берді:
– 2000 жылғы 7 маусымдағы ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңына сәйкес, ыстық сумен қамту есептегіштері өлшем құралына жатады, яғни, бұл - өлшем жүргiзуге арналған және нормаланған метрологиялық сипаттамалары бар техникалық құрал. Аталмыш заңның 1-бабының 16-тармағына сәйкес, әр өлшем құралы - орындалуы өлшем құралдарының белгiленген техникалық және метрологиялық талаптарға сәйкестiгiн айқындауға және растауға мүмкiндiк беретiн операциялар мен ережелердiң жиынтығы бар, өлшем жүргiзуге арналған және нормаланған метрологиялық сипаттамалары бар техникалық құрал.
Ыстық сумен қамту есептегішінің әр маркасы үшін жеке тексеру әдістемесі қарастырылады. Мұнда аралық тексеру интервалы көрсетіледі. Яғни, есептегіш жұмысынан кейінгі мерзімде өлшем ауытқушылығы немесе кемшілігі пайда болады. Тұтынушылар ыстық сумен қамту есептегіштерін орнатқан кезде біздің өкілдеріміз оны коммерциялық есепке алу үшін тексеруге қабылдап алады. Бұл туралы акт жасалады, онда есептегіш туралы мәліметтер шығарылған уақыты, зауыт нөмірі, нақты оның көрсеткіші көрсетіледі. Актіде көрсетілген мәліметтер тұтынушылармен жұмыс жөніндегі бөлімнің дерекқорына енгізіледі.
Ыстық сумен қамту есептегішін пайдалану жөніндегі нұсқаулықта (техникалық төлқұжатта) бірінші аралық тексеру интервалы өндірістен шығарылған кезде (шығарылған уақыты) бірінші тексеру өткізілген уақыттан бастап есептеледі деп көрсетіледі. Өз кезегінде 2014 жылдың 18 желтоқсанындағы ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген «Жылу энергиясын пайдалану қағидаларының» 25-тармағында есепке алу құралдары мерзімді тексеруден өткізіледі, ол тексеру әдістемесінде көрсетілген аралық тексеру интервалы мерзіміне сәйкес өткізілуі тиіс деп қарастырылады.
Тұтынушылармен жұмыс жөніндегі бөлімнің дерекқорында үнемі талдау жасалады. Ол аралық тексеру интервалының мерзімі өткен ыстық сумен қамту есептегіштерін анықтайды. Олар туралы ақпарат бақылаушыларға тексеруден өту қажеттілігі туралы ұйғарым беру үшін немесе он күн ішінде есептегішті ауыстыру үшін беріледі.