– Менің азаматтық некедегі күйеуім 5 жылдан астам уақыт бұрын хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Біздің ортақ баламыз бар, ол әке деп танылды. Балам оның фамилиясын алды. Күйеуімнің мүлкі – екі пәтері бар. Бір пәтерде менің жоғалып кеткен күйеуімнің қызы отбасымен, ал екіншісінде оның алыс туыстары тұрады. Бірінші пәтер сату-сатып алу келісімшарты бойынша баламның әкесіне, екіншісі жекешелендіру туралы келісімшарт бойынша оған және оның бірінші некедегі балаларына (ұлы мен қызына) тиесілі. Мен баламның мүліктік үлесін алғым келеді, бірақ оның үлкен балалары мүлікті бөлуге қарсы, мұндай жағдайда қалай әрекет еткен жөн?
Нұргүл Р.
Сұраққа адвокат Гүлсім САБЫРОВА жауап берді:
– Алдымен полицияға жоғалған жұбайына қатысты іздестіру ісін қозғау үшін арыз беру керек. Арыз баланың анасының атынан беріледі. Оның кәмелетке толмаған баласының мүддесі үшін әрекет етіп жатқанын көрсету қажет. Әрі қарай үш ай өткен соң сотқа адамды өлді деп тану туралы арыз беріледі. Өйткені, оның хабар-ошарсыз кеткен уақытынан бері үш жылдан астам уақыт өтті. Арыз кәмелетке толмаған баланың атынан беріледі. «Арыз беруші» бағанына оның мүддесін заңды өкілі ретінде анасы қорғайтынын көрсету керек.
Адамды өлді деп тану туралы сот шешімі шыққаннан кейін және құжат заңды күшіне енгеннен кейін сотқа заң бойынша мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы талап-арыз беру керек. Үшінші тұлғалар ретінде осы адамның үлкен балалары көрсетілуі тиіс. Арызда қалған бүкіл мұралық мүліктің үштен бір бөлігіне мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіруді сұрау керек.
Сот шешімі шыққаннан кейін және ол заңды күшіне енген соң нотариусқа заң бойынша мұра құқығы туралы куәлік беру жөнінде арызбен жүгіну керек. Мүлікке құқықтарды қалпына келтіру мақсатында және осы мүлікке дубликаттарды алу үшін нотариус әйелге ұсыну құқығы бойынша мүдделерді білдіру туралы куәлік беруі мүмкін. Осы куәлікпен ХҚКО-на жүгінген жөн. Ол жерде арыз берушіге мұрагерлік істі әрі қарай ресімдеу үшін нотариусқа ұсынылатын құжаттар берілуі тиіс.
Заң бойынша мұрагерлік (жоғалған күйеуінің екі үлкен балаларын есептегенде, үштен бір бөлігі) құқығы туралы куәлік алғаннан кейін алынған мұраны өз баласының атына ресімдеу керек. Әрі қарай өз баласының атынан әйел осы мүлікті бөлуге немесе сот тәртібімен оны пайдалану тәртібін белгілеуге құқылы.