«Өмір гүлі» ансамблі өздерінің құрылғанына 6 жыл толуын дүрілдетіп атап өтті.
Қызылордада 14-29 жас аралығындағы мүмкіндіктері шектеулі жастар арасында жыл сайынғы «Музыка нас связала» республикалық фестивалі өтті. Көптеген вокалдық, музыкалық және би ұжымдарының қатысуымен өткен байқауда атыраулық «Өмір гүлі» ансамб-лінің 12 мүшесі де өнер көрсетті.
Шығыс биін билеген Ғ. Мүсірепов атындағы №5 мектептің 8 сынып оқушысы Ақерке Боран және клавиште Ерлан Жұмабаев, ритм гитарада Бергенбай Нұрхан, бас гитарада Наурызбек Сатпанов, соло гитарда Нұрмұхамет Ислам, дауылпазда Асыланбек Дәуітов ойнайтын «Жаса» вокалдық-аспаптық ансамблі (барлық музыканттар – тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедектер) бірінші орын мен фестивальдің мәрмәр кубогына ие болды.
Музыкалық байқауда Қ. Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледждің бірінші курс студенті Камшат Уахитова екінші орын алды. Вокалда Ринат Сиражев пен А. Боран үшінші орынға ие болды. «Өмір гүлі» ансамблінің басқа да мүшелері – Тәңірберген Сатыбалды, Ахмет Межидов, Айшат Қадырбекова және Дәулет Есқабыл – дипломдармен марапатталды.
«Өмір гүлі» ансамблі «Эра» ЖШС директоры Сәбит Құспанов пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Клара Мұқашкерееваға фестивальға бару сапарын қаржыландырғаны үшін алғыс айтады.
- Демеушілер бөлген ақшаға жаңа аспаптар мен костюмдер алдық. Кішкентай Дәулет Есқабылдың ерік-жігері мен мінезін атап өткім келеді. Ол дайындыққа анасымен бірге Мақат ауданынан келеді. 2 желтоқсанда сағат 18.00-де Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда біздің ансамбліміздің Халықаралық мүгедектер күні мен құрылғанымызға 6 жыл толу мерекесіне арналған концерті болады. Барлығыңызды шақырамыз!
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Т. Жақыпова