Мен бұл жігіт туралы кездейсоқ білдім: орталық жүзу бассейніне барған едім. Қызметкерлер осы жерде жүзумен белсенді түрде айналысатын бір аяғы мен бір қолы жоқ 25 жастағы жігіт туралы айтты. Ержан СӘЛІМГЕРЕЕВ (суретте) еш қиындықсыз әңгімелесуге келісім берді.
КОМАНДА КАПИТАНЫ
- Басыңнан қандай жағдай өткенін әңгімелеп берші.
- Бұл оқиға 16 жыл бұрын болған еді. Достарыммен жасырынбақ ойнап жүріп, трансформатор будкасына өрмелеп шықтым. Қатты ток соқты. Қол-аяғымнан айырылдым... Ата-анам, бүкіл туыстарым сырттай маған аяушылық білдірмей, мұнымен өмір аяқталмайды, өмір әлі алда деген түр білдіретін. Бірақ қиын болатын. Мектеп мен үшін жабылды. Педагогтар физикалық тұрғыда сабаққа қатысу мүмкін емес деп санады. Мүмкін, сол кездегі менің психикам үшін де алаңдаған шығар. Білмеймін, маған қазір оған төрелік ету қиын. Бірақ маған үйге келіп оқытатын мұғалім бекітті. Үйден сабақ оқу қызық емес еді. Ешқандай ынтам болмай, оқудан бас тарттым. Үшінші сыныптан кейін үйден сабақ оқу да аяқталды.
- Сонда ешқандай ниет, қызығушылық болмады ма?
- Неге болмасын? Мен өзімнің тірі екенімді, өмір сүретінімді сезу үшін әлдебір қызықты нәрсе болса деп қаладым. Бәріне, ең алдымен, өзіме қолымнан көп нәрсе келетінін, бәрі өз қолымда екенін дәлелдегім келді. Мен сол кезде ауладағы балақайларды жинап алып, футбол командасын құрып, бір аяғыма қарамастан, олармен бірге доп қудым. Команда капитаны болдым. Ойынға жаңа қосылғандарды жаттықтырдым.
Біраз уақыт өткеннен кейін әкем маған Еркінқаладағы әжемнің үйінде тұруды ұсынды. Мен сонда бардым. Сол жақта достарыммен таныстым. Ал Еркінқала мектебінің директоры маған сабаққа келуді ұсынды. Сөйтіп, үшінші сыныптан кейін оқуды тастаған мен бірден оныншы сыныптан бір-ақ шықтым. Міне, осы кезде маған өте қызықты болды. Басқа балалармен бірдей барлық сабақтарға қатыстым.
- Мектепті бітірдің бе?
- Иә, оның үстіне білімсіз өмір сүру мүмкін еместігін түсіндім. Екі рет жоғары оқу орнына түсуге әрекеттендім. Үшінші мәртеде жолым болып, Атырау мұнай және газ институтына оқуға түсіп, «Басқару жүйесін ақпараттандыру» мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Жұмыс іздей бастадым. Маған жеке компаниялардан жұмыс ұсына бастады. Бірақ мен жастар ресурстар орталығына жұмысқа орналастым. Өйткені, ешқашан да өзім үшін, ақша үшін жұмыс жасауға ниетім болмады. Қоғамға пайдамды тигізсем дейтін едім. Мен қазір еңбек етіп жатқан жерімде осы ойым жүзеге асып жатыр деп үміттенемін.
«МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНЫП, СҮҢГІП КЕТТІМ»
- Сені жақсы ән салады деп естідім...…
- Тіпті, өз әнімді де жазып үлгердім. Содан соң Атырауға келген белгілі қазақстандық орындаушының концертіне қатыстым. Ол: «Сенің талантың бар, кеттік Алматыға, мен сені жұлдыз етіп шығарамын» деді. Жауабын сол мезет беру керек болатын. Мен ойлануға бірнеше минут сұрадым. Содан соң былай деп ойладым. Өмір бізге бір-ақ рет беріледі. Осы ғұмырымызда ата-анамыз бізбен аз уақыт өмір сүреді. Содан кейін бұл уақытты қайтара алмайсың. Бұл жерге әке-шешемді қазір қалай тастап кетемін? Сөйтіп, бас тарттым.
- Кейін өкінген жоқсың ба?
- Мүлдем. Бірақ достарым мұндай мүмкіндік өмірде бір-ақ рет берілетінін айтты. Алайда өкінбеймін. Қанша дегенмен де, музыка мен үшін хобби ғана. Сол кезде өзімді басқа қырымнан іздесем деген сезімде болдым.
- Бұл «басқа» қырың жүзу болды ма? Спорттың бұл түрімен айналысуды қалай шештің?
- Бірде маған мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорт клубына баруды ұсынды. Бардым, бапкерлермен таныстым. Балалардың қалай жаттығып жатқанын қарадым. Ал менің қай жерім кем? Волейбол, үстел теннисі деген спорт түрлерін бірден жылы жауып қойдым. Жүзумен айналысып көрейін деп ұйғардым. Өйткені, бала кезімде қайғылы жағдайға ұшырағаннан кейін балалар Жайыққа шомылуға жүгіріп, мені де арбаммен бірге ала кететін. Мені арбаммен суға түсіріп, өздері шомылып, асыр салып ойнайтын. Бір күні шыдамай ешкім көрмейтін сәтті пайдаланып, суға сүңгіп кеттім. Суға батып кетпедім, жүзіп шықтым. Менің жағдайымда да жүзуге болады екен.
Сөйтіп, жаттықтырушым Дамир ЕШЕНҚҰЛОВПЕН таныстым, үш жылдан бері жүзумен айналысып келемін.
ТАРАЗДАҒЫ ТОЛҚЫНЫС
- Осы уақыт ішінде сен сайыстарға қатысып, тіпті, марапаттар иеленіп үлгердің...
- Бәрі бірден келген жоқ. Алдымен бассейнге тек жүзу үшін келетінмін. Маған бұл ұнады. Дамир өткен жылы Таразда өтетін мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған ел чемпионатына қатысуды ұсынған еді. Неге қатыспасқа? Бардым. Өз бәсекелестерімді көргенде, шынымды айтайын, абыржып, тіпті қорқып қалдым. Өйткені, мен ешқашан өзімді шектеулімін деп есептемейтін едім, ешқашан торықпай, өзімді толыққанды жандай сезінетінмін. Ал бұл жерде мен мүгедек болса да, жігерлері мықты жандарды көрдім. Мен бірден оларға бәсекелес емеспін деп ойладым. Оның үстіне 50 метрге жүзген бірінші жүзу жарысы кезінде ыңғайсыз жағдай орын алды: толқығанымнан плавкиімді байлауды ұмытып кетіп, олар жылжып түсе бастады. Тоқтауға немесе мәреге жалаңаш күйде жетуге таңдау болатын. Мен тоқтадым. 100 метрлік екінші жарыс кезінде бассейн бортына кірер жерде қалай кері айналған жақсы – қолмен итеріп жылжып па, әлде сальто арқылы ма деп суға сүңгідім. Ақырында шатасып, суға шашалып, жарыстан шығып қалдым. Маған сенім білдірген жаттықтырушымның алдында өте ыңғайсыз болды. Үшінші жарыс кезінде өзімді жинақтап, екінші болып келдім. Үйге спорттың осы түрі бойынша дамып, жетістікке жетсем деген құлшыныспен оралдым. Маған ғұмыр бойы қолдау көрсетіп келе жатқан адамдар қуанып, мені мақтан тұтса дедім.
Сол сайыстардан кейін Дамирге жүзуді дұрыстап қолға алатынымды айттым. Күн сайынғы жаттығулар басталды. Ауа райының қолайсыздығына немесе басқа себептерге қарамастан, бірде-біреуін жібермеймін.
Тамызда ҚР паралимпиадалық жазғы ойындарға қатыстым. Сол жақтан бір алтын және екі күміс алқа әкелдім. Спорт шеберіне кандидат нормативін орындадым. Қазір Польшада өтетін қысқы ашық чемпионатқа қатысуға қызу дайындалудамын.
ӨМІР МЕН ТАҒДЫР
…Мен тағы бір нәрсе айтқым келеді. Сол қайғылы оқиға менің тағдырымды түбегейлі өзгертті. Алдымен – неге мен, неге менің басымда болды, не үшін деген сұрақтар болды. Содан кейін өзімді осы күйде қабылдай бастадым. Егер сол жағдай болмаса, өмірімнің де басқаша болары түсінікті ғой. Алайда есейген сайын өмірдің мен үшін жақсы болатындығы факт емес қой дегенді көбірек ойлайтын болдым. Иә, мұны кім біліпті? Қазір менде өмірге қуанатын нәрсенің бәрі бар. Мені қолдайтын, маған сенетін жақсы адамдарды жолықтырған тағдырыма ризамын. Мұны еш нәрсемен өлшеуге болмайды.
- Сонда сен бақытты адамсың ғой?
- Оған сөз жоқ! Таңертең оянып, өзіңнің жаңа күніңді бастау – үлкен бақыт.
Әңгімелескен Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор