- Біз қыз баланы асырап алғымыз келеді. Ол үшін қандай құжаттар жинап, қайда хабарласу керек? Бала асырап алудың тәртібі туралы білгім келеді.
Телефон арқылы
Сұраққа қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган қалалық білім бөлімінің балалардың құқығын қорғау және қорғаншылыққа беру жөніндегі бас маманы Карим БИСЕМБИЕВ жауап береді:
- ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы заңының 85-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, балаларды асырап алуға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтары баланы жеке өзі таңдауға, онымен кемiнде екі апта тiкелей қатынасуға, баланың тұратын жері бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш беруге, сондай-ақ, тұрғын үй жағдайларын тексеріп-қарау актісін, жиынтық табыс мөлшері, отбасы жағдайы, денсаулық жағдайы туралы, сотталмағандығы туралы анықтамалар ұсынуға міндетті. Бала асырап алушы адамның отбасында баланың қалыпты дене бітімі, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиеленуi және бiлiм алуы үшiн жағдайлар болған кезде бала асырап алуға рұқсат етiледi.
2. Мыналарды:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптыларды;
3) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
4) өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды;
5) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушыларды;
6) денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды қоспағанда. Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулар болған кезде, олардың тiзбесiн денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгiлейдi;
7) тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды;
8) дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдарды;
9) бала асырап алу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығы өтелмеген немесе алынбаған адамдарды;
10) азаматтығы жоқ адамдарды;
11) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдарды;
12) асырап алған кезде асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;
13) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды қоспағанда, кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар болуы мүмкін.
3. Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адамдар сол бiр баланы бiрлесiп асырап ала алмайды.
Бала асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуға және ол қырық бес жастан аспауға тиіс. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
Сіз балалар үйінен 2-3 жасар қыз баланы асырап алу үшін Қалалық білім бөліміне жоғарыда көрсетілген құжаттарды ұсына отырып бала асырап алуға үміткер ретінде тіркелесіз. Тіркелген соң еркін нысанда балалар үйінен 2-3 жасар қыз баланы қарауға жолдама беруге арыз бересіз. Арыз негізінде балалар үйінен бала қарауға құқығыңыз бар екені түсіндіріледі.
Толығырақ ақпаратты қалалық білім бөлімінен әр аптаның сейсенбі және жұма күндері сағат 09:00-18:00 аралығында біле аласыз. Жауапты мамандар К.Бисембиев және Е.Бекжанов.