– Біз «Дина» базарынан азық-түліктер, заттар мен жуу құралдарын сатып аламыз. Жақында базардың үш немесе төрт бөлікке бөлінгенін байқадым. Көлікке арналған бүкіл өткелдер қоршалған. Басқаша айтқанда, егер бұрын жалпы базарға кіру үшін 50 теңге төлейтін болса, енді құрылыс материалдары базарына бөлек, азық-түлік базарына бөлек, заттар сататын базарға бөлек төлеуге тура келеді. Бұл қаншалықты заңды? Егер аумақ пен жолдар абаттандырылған болса, түсінер едім. Бірақ ол жердегі жолдар быт-шыт, бей-берекетсіз болып жатыр. Әркім көліктерін өз қалауынша қоя салады.
azh.kz сайтынан
Сұраққа «Дина» базарының директоры Нұрлан ТӘУЕКЕЛ жауап берді:
– Ешқандай өзгеріс жоқ, қандай төлем болса, солай қалды. Біз азық-түлік пен құрылыс бөлімдерінің арасындағы өткелді кептелістер орын алмас үшін жауып тастадық. Ал базарға кіру құны сол күйде – 50 теңге. Егер базардың сыртқы жағынан кіретін болса, азық-түлікті де, құрылыс материалдарын да сатып алуға болады.
Директордан алынған мәліметтер хатта жазылғанға қарама-қайшы келетіндіктен, біз базарға бардық. Жолақы құны шынымен де өзгермепті. Бірақ базардың кез келген секторына бұрынғыша кіру мүмкін болмады. Құрылыс секторынан көтерме базарға кіретін жол ашық. Бірақ базардың осы бөлігінен азық-түлік пен заттар сататын павильонға өтуге болмайды. Ол жерге қоршау орнатылған. Көлікті қоршаудың бір жағына қойып, павильонға жаяу баруға болады. Бірақ егер базардың түрлі секторына көлікпен бару керек болса, екі түрлі қақпадан өтуге тура келеді. Ал бұған екі мәрте ақы төлейсің. Көтерме базарын пайдаланушылардың барлығына оның ережесі белгілі – төлемақы әрбір кіргені үшін алынады.
Базар қожайындарының моральдық-этикалық ерекшеліктері мен қолданыстағы заңнама нормалары тұрғысынан мұндай шаралардың заңдылығына комментарий беру мүмкін болмай отыр. Мемлекет жеке бизнес ісіне араласпайды, ал осы мәселені реттейтін қадағалаушы орган жоқ.