Атырау, 22 қараша 10:27
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Талбесігін қаламмен тербеген

9 140 просмотра


Облыстық Ш.Сәриев атындағы өнер музейінде Қазақстан Суретшілер және Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі Қуандық МӘДІРДІҢ «Талбесік» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Қуандық Мәдір ширек ғасырдан бері М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дәріс береді. Өзі де осы оқу орнын көркемсурет-графика факультеті бойынша тәмамдаған. Ол «Сурет салудың негізгі заңдылықтары мен ережелері», «Натюрморт салу жолдары», «Адам басы мен бет бөлшектерін бейнелеу» әдістемелік оқу құралдарының авторы. Оның туындылары халықаралық, республикалық көрмелерде бейнелеу өнерін зерттеушілер тарапынан жоғары баға алған.

Ал Х.Досмұхамедов атын-дағы Атырау мемлекеттік университетінің сурет және дизайн кафедрасының меңгеру-шісі Отарбай КЕНДІР атап өткендей, Қуандық Мәдір графика, соның ішінде портрет жанрында еңбектеніп жүрген суретші. Музейдің экспозиция залына оның «Ақ Жайық ардақтылары» сериясымен салынған танымал тұлғалардың портреттері қойылды.

Қуандық Мәдір суретшілігімен қоса композиторлық жүкті арқалап жүрген жан. Оның музыкалық шығармалары Батыс Қазақстан облыстық радиосының алтын қорында сақтаулы, Ғ.Құрман-ғалиев атындағы БҚО филармониясы әншілерінің, Орал қаласы саз мектептерінің репертуарларынан орын алған. Оның «Нарынның нар ұлдары», «Теңіздің ерке сұлуы», «Талбесік» сияқты шығармалары бар. Залға жиналғандар суретші музыкасымен көрмені тамашалады.

- Көрмеге қойылған портреттер иелері алты Алашқа танымал тұлғалар, - - дейді суретші Қ.Мәдір. - Мен олардың бейнесін қағазға түсірмес бұрын олармен сырласам, тілдесем, көп ойланам. Олардың ішкі дүниесін, рухани жан дүниесімен танысамын. Егер ол кісі тірі болса, өзімен жеке кездесемін. Ал егер бұл дүниеде жоқ болса, оның шығармаларын оқимын, зерттеулерін қараймын. Мәселен, Қадыр Мырза-әлі ағамызды суреттерде оның шығармаларын көп оқығанмын. Негізі бір портретті салуға 1 айдай уақытым кетеді. Мен ешқашан тапсырыспен сурет салмаймын, өнерімді кәсіп қылмаймын.

Көрме 13 қарашаға дейін жалғасады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

29 қазан 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.