- Атырау облыстық сотына кіреберісте полиция қызметкерлері сөмкемізді тексеріп, ұялы телефондарымызды арнайы жәшіктерге тастап кетуімізді талап етеді, алайда неге екені белгісіз, бұл ережелер адвокаттар, сот приставтары және прокурорларға қолданылмайды, олар телефондарымен бірге кіріп, сот отырысы залында да пайдалана береді. Егер сот қызметкері мұны барлық азаматтардан бірдей талап ете алмаса, бұл ереже неге керек? Менің ойымша, біз телефон камерасына бір нәрселер түсіріп, интернетке салып жібереді деп қорқатын сияқты. Егер судьялар судьялық этиканы ұстанатын болса, неден қорқады?
Сайлау Жұмабеков
Сұраққа Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ жауап береді:
- Сот приставы 13.05.2014 күнгі сот приставтарының іс-әрекеттері жөніндегі нұсқаулыққа және Сот приставтары туралы Заңның 7-бабы 1-тармағына сәйкес соттар қызметінің белгіленген тәртіптерін қамтамасыз ету үшін келесілерді жасауға құқылы:
- сот ғимараты ішіндегі адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге, сондай-ақ, шақырту бойынша келмеген тұлғаларды алып келуге;
- заңнамаларда қарастырылған тәртіп бойынша сот ғимараты ішіндегі тұлғаларды жеке тексеріп қарауға, сондай-ақ, осы тұлғада қару, қару-жарақ, жарылғыш заттар, есірткі заттар немесе жүйкеге әсер ететін заттар және басқа да айналасына қауіп тудыратын заттар мен құралдар бар деуге негіз болса, қолындағы заттарды да қарап тексеруге құқылы.
Сонымен қатар, Атырау облыстық ІІД-нің мамандандырылған күзет қызметі басқармасының бастығы С. Молдашевтің келісімі алынған 02.02.2015 күнгі Атырау облысының аудандық және соған теңестірілген соттарының ғимараттарына кіргізу және нысанішілік режимдерді қамтамасыз ету тәртібі туралы ережеге сәйкес, кіргізу режимі жалпы және ерекше болып екіге бөлінеді.
Осы ереженің 55-тармақшасына сәйкес, сот ғимаратына бейне, фото аппаратураларды және басқа да электронды және техникалық құралдарды (компьютерлер, ноутбуктер, ұялы телефондар, радиостанция, жазба құрылғылары, магнитті және электронды ақпарат тасығыштар, электронды кітаптар) кеңсе басшылығының келісімінсіз кіргізуге тыйым салынады.
Қазір Атырау қалалық сотында жеке заттар жәшіктерін көшіруге байланысты сот отырыстарына қосулы телефонмен кіреді. Алайда бұл фактіні сот приставтары өз бақылауларына алып, сот процесі кезінде ұялы телефон пайдаланған процеске қатысушылар залдан шығарылады.