Динара НҰРАШЕВА және Нұрсая ТҮСІПБЕКОВА. Париждегі «Версаль» вест-холлында шаштараз өнері және визаж бойынша Еуропаның ашық чемпионаты өтті.
Таңғаларлық шоу OMC Prestige Club Халықаралық шаштаразшылар ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды. Қазақстанның атынан құрамында Виктория Станевич, Динара Ботабаева (екеуі де Алматыдан) және Динара НҰРАШЕВА (Атырау) бар ҚР Визажистер ассоциациясының командасы қатысты. Осындай конкурстарға бұрыннан қатысып жүрген В.Станевич екі алтын және бір күміс медальға ие болды. Қазақстан құрамасының мүшелері ұпай саны бойынша жоғары ұпай жинап, командалық есепте алтынға қол жеткізді.
Динара Нұрашева ҚР визажистер Ассоциациясы құрамына жақында ғана кірген болатын және бірден жетістіктерге жете бастады. Сәуірде Алматыда өткен жыл сайынғы Қазақстанның шаштараздары мен визажистері конкурсында «Той макияжы» аталымында бірінші орын алған болатын. Осыдан кейін бірден Шымкентте өткен ҚР чемпионатында өзінің «Той макияжы» үлгісін жақсартып, тағы да бірінші болды. Дәл осы конкурстан кейін Парижде өтетін Еуропа чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасының қатарына қосылу құқығына ие болған еді.
- Біз адамның бетіне самайын ала сурет саламыз, шаш үлгісін, бас киім, көйлек, аксессуарлар дайындаймыз, - деп әңгімелейді Динара. – Еуропа чемпионаты басталар алдында ұйымдастырушылар ережелерді өзгертті – бетке салынатын сурет уақ болуы шарт болды. Динара Ботабаева екеуміз осындай кең көлемдегі жарыстарға бірінші рет қатысып отырғандықтан сасып қалдық. Ал сайыстарға бұрыннан қатысып, тәжірибе жинақтаған Виктория Станевич «Боди-арт» және «Подиум макияжы» бойынша алтын, «Той макияжы» бойынша күміс медаль алды.
Мен өз кезегімде «Той макияжы» сайысында «басына құлағынан тал өскен шәйнек киген қызды» таныстырдым. Динара Ботабаева екеуміз жүлделі орындарға ие бола алмадық, дегенмен төрешілер жұмысымызды жоғары бағалады және жинаған ұпайларымыз командамыздың бірінші орын алуына мүмкіндік берді.
Өз кезегімде осы әдемілікті көрсете білген модель Нұрсая ТҮСІПБЕКОВА туралы жақсы сөздер айтқым келеді. Ол мен ойлап тапқан бейнелердің барлығын жүзеге асыра білді. Нұрсая ТШО-ға қызмет көрсететін әуе компаниясында бортсерік болып қызмет атқарады. Жұмыстан бос уақытта кездесе қою қиындау болды да, мен басқа қыздармен дайындалдым. Ал Парижге келген кезде бір тәулік бойына бірге отырып, оның келісті келбетін одан әрі әрлеу үшін дайындалдық. Сурет салдық, өзіміз тіктік, сымнан бас киім үлгісін де жасадық. Құдайға шүкір, бәрі бекер болған жоқ…
- Сіздің жаңа үлгілеріңізді енді қашан көре аламыз?
- 31 қазанда Атырауда ҚР Визажистер ассоциациясының қолдауымен визаж бойынша ҚР Ашық чемпионатын өткізу жоспарлануда. Диля Абдуллаева, Виктория Станевич және тағы басқа танымал визажистер келеді. Бұл конкурсқа мен де қатысамын. Сонымен қатар мен елімізді келер жылы наурыз айында Оңтүстік Кореяда өтетін әлем чемпионатында таныстыру құқығына ие болдым.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет Д.Нұрашеванікі