Атырау, 26 желтоқсан 08:41
 ашықВ Атырау -3
$ 512.81
€ 604.19
₽ 6.57

«Донбасстағы соғысқа күн сайын 5 миллион доллар жұмсап жатырмыз» (ВИДЕО)

1 612 рет қаралды

Украина президентi Петр Порошенконың БҰҰ бас ассамблеясында сөйлеген сөзi өтiмдi әрi бiреулердiң жанды жерiне тиетiндей өткiр шықты. Оның сөзi шымбайына қатты бататынын сезген “әлгiбiреулер" Украина басшысы сөйлеген тұста шыдай алмай залдан шығып кеттi. Бұл “бiреулер" – Виталий Чуркин бастаған ресейлiк дегегация өкiлдерi. Мұнысын ресейлiк дипломаттар “Порошенконың тым ашық саясиландырылған мәлiмдеме­лерiне қарсылық бiлдiру" деп бағалапты. Бiрақ бұл сырт көзге қарсылық емес, ащы шындыққа төзе алмай қашу, қорқаулық болып көрiндi.

Петр Порошенконың БҰҰ бас ассамблеясының төрiнде айтқан сөзiн залдан шығып кеткен әлгi ресейлiк дипломаттардың бiрi “күн тәртiбiнен ауытқып кеткен, агрессияға толы" деп бағалапты. Расында да, Украина президентiнiң сөзi агрессияға толы болмаса да, агрессордың қитығына тиетiндей уытты, ащы шықты. “23 жылдың iшiнде бiз (Рио-де-Жанейрода 1992 жылғы БҰҰ самитiнен берi – ред.) көптеген оң тәжiрибе жинадық, бiрақ жеңiлiстiң кермек дәмiн де татып көрдiк. Өйткенi терроризм мен соғыстың жақтаушылары әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi прогреске қарсылық танытты. Бүгiнгi саммитте белгiлеген мақсатымыз әлемнiң алдағы 15 жылдық дамуы­на мүмкiндiк ашады", – деп бастады ол.

Әрмен қарай осы мақсаттарына тоқталған ол бұған кедергi келтiретiн жайт­тарды да сөз еттi. “Мыңжылдықтың мақсатына жету үшiн еркiндiк пен бейбiт­шiлiк ауадай қажет екенiн Украинаның ащы мысалы көрсеттi. Жарылыс болып жатқан, бейбiт халық қырылып жатқан жерде тұрақты дамуға қол жеткiзе алмайсың. Бiр халықты қанауды өзге халықты қорғаумен ақтайтын, адамның құқығы мен еркiндiгiн таптайтын басқыншыл идеологтар билiк еткен жерде дамуға жете алмайсың".

Порошенко мыңжылдықтың даму мақсатына жету үшiн бейбiтшiлiктi сақтау мен еркiндiктi орнатуды әлем бiрiгiп қолға алу керектiгiн айтты. “Бүгiнде Украина жүйелi реформаларды ендiрiп, украин халқы таңдаған демократиялық еуропалық даму жолын бұзып-жарғысы келетiн Ресей басқыншылығына қарсы тұруы керек".

Украина президентi Донбасстағы соғыстың әр күнiне 5 миллион доллардай шығын кететiнiн мәлiм еттi. “Ре­сейдiң Қырым мен Донбастағы сатқын аннексиясының нәтижесiнде мыңдаған адам қаза тапты. Өте қажеттi инфрақұрылым нысандары қиратылды. Украина өзiнiң экономикалық әлеуетiнiң 1/5 бөлiгiнен айырылды. Ресейдiң Украинаға қарсы әскери iс-қимылының кесiрiнен эколо­гия­лық және эпидемиялық қауiп-қатер мен әлуметтiк оқшаулану қатерi өстi. Украинаның шығысындағы және оған жапсарлас аумақтардағы соғыс ошағында химиялық заттар аса қауiптi. Техногендi апаттардың болу қаупi бар", – деп түйiндедi ол.

Сондықтан бұл ретте Украина БҰҰ соғыс жағдайында қоршаған ортаны қорғауға алу мәселесiн шешуi керек деп есептейдi. «Сыртқы басқыншылық кедейшiлiктiң жаңа түрiне әкеп соқтырды. Бұл – аяқ астынан, күтпеген жерден туындаған кедейшiлiк. Бүгiнде бұл Украинаның өз iшiнде көшiп-қонып жүрген 1,5 миллион халыққа әсер етiп отыр", – дедi П.Порошенко.

П.Порошенко 1,5 миллион украиндықтың басындағы жағдай – Украинаның ғана емес, аймақтың, тiптi бүкiл әлемнiң мәселесi екенiн айта келе, Донбасстағы соғысқа жұмсап отырған 5 миллион долларды солардың мұқтаждықтарына, елдiң дамуына бағыттауға болар едi деген уәжiн келтiрдi.

Оның сөзiнде iштi жылыт­қан тағы бiр нәрсе – Украинаның бiртұтастығы толығымен қалпына келтiрiледi деген сөзi. “Әскери басқыншылық тоқтаған соң, бейбiтшiлiк орнап, Украина Донбасс пен Қырымды қайтарған соң миллиондаған адамға қалыпты өмiр сүруiне қайтып оралуға көмектесу, экономикалық жә­не әлеуметтiк инфрақұрылымды қалпына келтiру өте маңызды. Елiмiз бұл қиындықты жеңiп шығып, осы iс-шараларды атқаруға әзiр, өз серiктерiн де бұл бағыттағы әрiптестiкке шақырады", – деп қорытты П.Порошенко.

Ресейдiң ақпарат агент­тiктерiнiң құпия ақпарат көзi “Порошенко сөйлеген кезде ресейлiк делегация шығып кеткенiмен, бiр дипломат қалды. Ресейлiк тарап өз қарсыластарын соңына дейiн тыңдап, қарымта жауап қайтару үшiн олардың сөздерiн назар­ға алатын әдетi бар", – дептi. Залдан безiп шыққан ресей­лiк­тердiң әлгi дипломатты жал­ғыз өзiн тастап кеткенде­гiсi “аяғына дейiн тыңдап, бiзге айтып бер, арғысын ақылдасып шешермiз" деген мақсат болса керек.

А.Есім

Дереккөз: zhasalash.kz



29 қыркүйек 2015, 17:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.