Сарайшық ауылындағы жеті хан кесенесі маңындағы алаңда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ресей, Қытай, Үндістан және басқа елдерден келген түркітанушы ғалымдар, өнер және мәдениет қайраткерлері, шетелдік қонақтар қатысты.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс МҰҚАН мерекеге жиналғандарды құттықтап, сөз сөйледі: «Қазақ хандығының тойы тойлау үшін емес, терең ойлау үшін керек. Бабалардың тағдырлы тарихына тағзым ету үшін, сындарлы кезеңдерден сабақ алу үшін атаулы датаны атап өтудеміз...».
Мереке ресми құттықтаулардан кейін концертке ұласты. М. Өтемісұлы атындағы драма театр әртістері театрландырылған көрініс барысында Абылай хан, Жәңгір хан, Махамбет және тағы басқа тарихи тұлғаларды сомдады. Арнайы ұйымдастырылған «этно ауылда» жергілікті қолөнер шеберлері өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ кітап көрмесі болып, музейлер өз жәдігерлерінің көрмесін ұйымдастырды...
Алаң ортасында тың образ – Алтын жауынгердің макеті орнатылды. Осы жерде мерекелік дастархан жайылған бес киіз үй құрылды.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА