24 қыркүйекте барлық мұсылмандардың бас мерекесі – Құрбан айт басталады. Айта кетсек, бұл күн, бейсенбі, - Қазақстанда демалыс күні.
«Жайық-Ақпаратта» өткен брифингте облыстың бас имамы Батыржан МАНСҰРОВ (суретте) облыс тұрғындарын келе жатқан мереке күнімен құттықтады.
Мейрам 24 қыркүйекте сағат 8-де оқылатын айт намазымен басталады. Айт намазы аяқталғаннан кейін мұсылмандар құрбан шалуға кіріседі. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр немесе түйе шалуға болады. Мұны 24, 25, 26 (түнгі уақыттарда да) және 27 қыркүйек (сағат 17.00-ге дейін) күндері жасауға болады. Құрбан шалған адам отбасына ырыздық әкеледі деп есептеледі.
Түйенің жасы жетіден, сиыр екі жастан, ешкінің жасы бірден кем болмауы керек. Қойға да осы талаптар қойылады, алайда үлкен, семіз болса, жарты жылдық тоқтыларды шалуға болады.
Бір түйені немесе сиырды жеті адамға дейін қосылып шалуға болады. Малдың еті үшке бөлінеді: бір бөлігін құрбан шалушы өзіне, екіншісін достарына, көрші, ағайындарына, үшінші бөлігін кедей адамдарға үлестіреді.
Имам Мансұров айтқандай, Атырау қаласының орталық мешіті ауласында мұздатқыш салынған киіз үй орналасқан. Кедейлерге арналған етті сол жерге әкелуге болады. Аз қамтылған отбасыларға құрбандық етін тарату 25 қыркүйекте сағат 16-да басталады. Мешітте бес жүзге жуық аз қамтылған отбасылар тіркелген.
Имам Мансұров мал базарынан құрбандық малын сатып алғанда саудаласуға болмайды деген қаңқу сөзді жоққа шығарды. «Саудаласуға болады»,- деді облыстың бас имамы.
24 қыркүйекте сағат 9-да орталық мешіттің аумағында қазақ күресінен, кір тасын көтеру, арқан тартыс және армрестлингтен спорттық жарыстар өтеді. Жеңімпаздарды бағалы сыйлықтар күтіп тұр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА