Атырау, 29 қараша 01:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Жағалаудағы қоршауды алып тастады

3 558 просмотра

Бүгін ресми мәлімдемелерсіз және еш куәгерлерсіз, тып-тыныш Жайық жағасындағы қоршауды алып тастады.

Дау болған шарбақты алып тастауға өкім бергені туралы Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ бүгін, 18 қыркүйекте болған жиналыста мәлімдеді. Айта кетсек, «Заман» қоғамдық бірлестігінің шарбақты алып тастап, жауапкердің – қала әкімі аппаратының – әрекетін заңсыз деп тану туралы талап арызын сотта қарау отырысы бүгінге белгіленген болатын. Естеріңізге салсақ, 2013 жылдың желтоқсанынан бастап, Бас жоспар жобасына сәйкес Каспий ықшамауданы №28 мекенжайындағы 5,5280 гектар жер учаскесі мен 0,0200 гектар жерді алатын өзен айлағы Атырау қаласы әкімі аппаратына уақытша пайдалануға берілген еді.

Қалалықтар үшін даулы болған осы мәселе билік алдына талай қойылды, газетіміз бетіне де талай шықты, алайда барлығына назар аударылмаған еді. Бастамашыл топтың әлеуметтік желілер арқылы таратылған «Қолжетімді жағалау» кампаниясы мыңдаған атыраулықтардың қолдауына ие болды, облыс әкіміне шарбақты алып тастау жөнінде жазылған өтінішке қалалықтар ғана емес, сондай-ақ, қала қонақтары, шетелдіктер де 1000-нан аса қол қойды.

Алайда әкім үзілді-кесілді бас тартып, біздің газетімізге берген сұхбатында былай түсінік берді: «Резиденция – режимді нысан, іссапарлары кезінде бұл жерге мемлекеттің бірінші тұлғалары тоқтайды және осында арнайы жабдықтар тұрады. Сондықтан да резиденция мен оның маңындағы аумақ мұқият қорғалады».

- Осы кампанияны бастаған бастамашыл топтың, қарапайым адамдардың хатына берген жауабында әкім сотқа жүгініңіздер деп кеңес берген еді,- дейді хатқа қол қойғандардың бірі, құқық қорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА.- Сәйкесінше біз жіберген жағына бардық.

«Қолжетімді жағалау» тобының мұндай мүмкіндігі болмағандықтан, олар «Заман» құқық қорғау қоғамдық бірлестігіне көмек беруін өтінді, осылайша сотта бастамашыл топтың мүдделерін «Заман» ҚБ-ның сенімді тұлғалары Әсел Нұрғазиева, Талғат АЯН, Тоғжан ҚИЗАТОВА, Макс БОҚАЕВ, Игорь ВРАНЧЕВ қорғады.

- Біз қойған талаптар сервитуттар және жағалау белдеуіне еркін қолжетімділік туралы жазылған Жер кодексінің 69-бабына сәйкес қанағаттанатынына сенімді болдық. Жағалау белдеуіне еркін қолжетімділік құқығы қауымдық сервитут деп аталады. Тіпті мұндай жерлердің жеке меншік иелері де еркін жүретін жол қалдыруы керек. Алайда сот отырысы болар алдында шарбақты бұрын болмағандай, тып-тыныш алып тастады. Ең қызығы, жауапкер шарбақтың жоқтығын біле тұрып, талап арызды нақты іс бойынша қарауды талап етті. Алайда сот біздің өтінішімізді қанағаттандырып, жауапкердің талабын қараусыз қалдырды. Бұл бізге егер билік ойынан айнып қалса, кері сотқа жүгінуге мүмкіндік береді. Ал егер сот шешімі шыққанда, біздің мұндай мүмкіндігіміз болмас еді,- дейді Ә. Нұрғазиева. – Бізді жүздеген адамдар құттықтап жатыр, алайда жеңістің тәтті дәмін татпағандаймыз. Мен билік өкілдеріне, олардың екі жүзділіктеріне, тыңдағылары да келмегеніне ренжимін, Атырау тұрғындарының мыңдаған қолы түкке тұрмайтын зат па екен? Егер билік қарсы шықпай, қоғаммен ынтымақтастықта болуды үйренсе, мұны жеңіс деп атауға болатын еді.

Бұл оның жеке көзқарасы болар, ал мен қалалықтарды құттықтауға болады деп ойлаймын: қаламыздың жалғыз игілігі деуге болатын ұлы өзеннің жағалауы енді бір топ шенеуніктерге емес, бізге, тұрғындарға тиесілі. Бұл жекеленген жағдай Атырауда азаматтық қоғам қалыптасып, өзін билікке өркениетті түрде қарсы қойып, мыңдаған қалалықтардың мүддесіне жауап беретін мақсатқа жеткендігінің көрінісі екені сөзсіз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

18 қыркүйек 2015, 23:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.