Үстіміздегі жылдың сегіз айында Атырау облысынан шыққан мұнай мемлекеттік бюджетке 244 млрд теңге кедендік алым түсірген.
Экспорттың жалпы көлемінде «қара алтынның» үлесі 97,9%-дан 98,4%-ға өскен. «Ақ Жайық – Орталық кедендік ресімдеу» кедендік бекетінің анықтамасына сәйкес, Атырау облысынан шикізат сатып алуда Италия, Нидерланды, Франция мен Түркия көш бастап келеді.
Атырау облысынан шығатын мұнай экспорты Новороссийск, Тамань, Усть-Луга және Приморск теңіз порттарына дейін құбір желісі мен темір жол көлігі арқылы жүзеге асырылып, соңғы сатып алушыға дейін теңіз көлігімен жеткізіледі. Шикі мұнайды аталмыш порттарға дейін «Қазтрансойл» Ақ-тың «Өзен – Атырау - Самара» мұнай құбыры және «Каспий құбыр желісі консорциумы» АҚ-тың «КТК-К» мұнай құбырлары арқылы жүзеге асырылады.
- Қазіргі уақытта кедендік бекетте 20-ға жуық жер қыртысын пайдаланушы компания ресімделеді,- дейді «Ақ жайық-КРО» бекетінің бас маманы Роман ТЕН. – Мемлекетке бюджетке түсетін ең ірі кедендік алымдар «Теңізшевройл» ЖШС-тен түседі – 228 млрд теңге.
Зульфия ИСКАЛИЕВА