«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызындағы 40 пайыз жеңілдік туралы хабарлады.
«2015 жылғы 17 қыркүйектен бастап №1/2 "Алматы-2 – Астана", №701/702 "Алматы-2 – Петропавловск", №79/80 "Астана - Шымкент", №89/90 "Астана - Қызылорда", №67/68 "Астана – Защита", №69/70 "Алматы-2 – Защита", №77/78 "Алматы-2 - Атырау", №87/88 "Астана – Ақтөбе", №19/20 "Астана – Атырау", №35/36 "Алматы-2 – Шымкент", №49/50 "Алматы-2 – Ақтөбе" бағыттары бойынша «Турист», «Бизнес» және «Гранд» вагон класстарына 40 пайызға дейін қосымша жеңілдіктер енгізіледі, - деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Хабарламада атап өтілгендей, мұнда «Тұлпар-Тальго» пойыздарындағы 3 санат бойынша қолданылатын дисконтты (жеңілдік) жол жүру карталарының күші сақталады: «Құрмет» - 60 жасқа дейін және одан жоғары жастағы егде жандарға арналған, жеңілдік мөлшері – 30 пайызды құрайды, «Жастар» – 16-25 жастағы жастарға арналған, жеңілдік 30 пайыз; «Саяхатшы» – тұрақты клиенттер үшін 10-нан 20 пайызға дейін.
«Осылайша, жолаушы дисконт картасы болған жағдайда жаңа жеңілдіктер жүйесімен 70 пайызға дейін жалпы жеңілдікке ие бола алады. Атап айтқанда, «Гранд» және «Бизнес» класстары бойынша, - делінген хабарламада.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА