Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ қазақ күресінен аты әйгілі палуан Бейбіт ЫСТЫБАЕВТЫ қабылдады.
Ұлттық күрес түрінен ең көп жүлде алған, белгілі палуан, Әлем және Азия чемпионы, «Түйе палуан» санатындағы қазақстандық турнирлердің көп дүркін жеңімпазы, сонымен қоса, дзюдодан Қазақстан чемпионаттарының жүлдегері Бейбіт Ыстыбаев қазақ күресінен жыл сайын өткізілетін «Қазақ Барысы» турнирін 2012 жылы және үстіміздегі жылдың шілдесінде екі рет жеңді. Бұл беделді турнирдің сыйлық қоры 150 мың доллар екендігін еске салған артық болмас.
Белгілі палуан Атырауға қазақ күресінен Қазақстан кубогына қатысуға келген. Атырау әкімі де кезінде спортшы болған, бокстан спорт шебері, екі дүркін Қазақстан чемпионы. Ол Бейбітті «Қазақстан Барысындағы» кезекті жеңісімен құттықтап, алға қарай да сәттіліктер тіледі.
- Мемлекет пен ел президентінің жеке қолдауы арқасында ұлттық күресіміз дамып келе жатыр. 2003 жылдан бері қазақ күресі федерациясы жұмыс жасайды, міне, бес жылдан бері «Қазақстан Барысы» өткізіліп келеді. Алға қойған мақсат – қазақ күресін олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізу, жапонның ұлттық күресі дзюдо соған кіреді ғой, - дейді Бейбіт Ыстыбаев.
Қазір қазақ күресінен Азия чемпионаты мен әлем чемпионаты өткізіледі (өткен жылы Бразилияда өтті). Күресіміздің Олимпиада бағдарламасына кіруі үшін 86 елде федерациясы болуы керек. Осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА