Ирелең жолмен алға және артқа жүру, тар қуыстан еш жырмастан өту – бұл өрт сөндіру көлігі жүргізушісі шеберлігінің бір қыры ғана. Атырау облыстық ТЖД жүргізушілері араларынан кім үздік екенін анықтады.
Сайысқа Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары қызметі бөлімшелерінің 24 жүргізушісі қатысты.
- Дабыл қағылғаннан кейін автокөлік орнынан санаулы минуттарда қозғалып, өртену орнына қарай асығады. Белгіленген жерге тез арада жету керек, алайда бұған қаладағы кептелістер, жол бермейтін жүргізушілер және әкімшілік ғимараттарының айналасындағы толған жеке меншік көліктер кедергі келтіреді, - дейді сезім қоса сөйлеген Атырау облыстық ТЖД-ның «ӨС және АҚҚ» ММ-нің өрт сөндіру техникасы мен жабдықтары бөлімінің бас маманы Рафит ҚАЙРЕДЕНОВ. – Осындай жағдайларда өрт сөндіру көлігі жүргізушісіне үлкен жауапкершілік жүктеледі: ол көліктің, әскери құрамның амандығына, тіпті, өрт сөндірудің соңғы нәтижесіне жауап береді. Жарыс теория мен практика бойынша екі негізгі турдан өтті. Теорияда жүргізушілер жол қозғалысы қағидалары мен арнайы техника жөніндегі білімдерін көрсетті. Практикалық бөлімде байқауға қатысушылар өрт сөндіру көлігімен шеберліктерін паш етті. Алдымен жүргізуші ішкі айналымы бар айналма тоннельден өтті. Оның ені өрт сөндіруші ЗИЛ-дің көлемінен сәл ғана үлкен, ал шектеу белгілерін қағып кетсең, 10 ұпайың кемиді. Айналмадан шыққан жүргізуші екі ағаш бөренеден жасалған соқпақ жолға тап болады. Шебер өрт сөндіруші көлігін шектегіш белгілерге тигізбей, оң жақ дөңгелектерімен соқпақтан өтуі қажет. Содан кейін шыр айналып, артымен бөренелермен қоршалған боксқа кіреді. Жүргізушінің алдында тағы да қиындықтар бар: ирелең жолмен алға және артқа жүру.
Өрт сөндіру гарнизонының үздік жүргізушісі деген атаққа Жылыой аудандық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Серік АҚҚҰЛОВ ие болды. Командалық орындар келесідей бөлінді: бірінші орынды Атырау қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі алды. Екінші орын Жылыой аудандық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне, үшінші орын Атырау қаласының №1 өрт сөндіру бөліміне бұйырды. Жеңімпаздар Өрт сөндіру қызметінің мақтау грамоталарымен марапатталды.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті Атырау облыстық ТЖД баспасөз қызметі ұсынды