Атырау, 29 қараша 01:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

КТК екі мұнай айдау станциясын іске қосты

3 308 просмотра

Image 0Фотосурет: newskaz.ru9 қыркүйекте Каспий тұрба құбыры консорциумы (КТК) қайта жарақтаудан кейін «Теңіз» және «Атырау» мұнай айдау станцияларын (МАС) іске қосты.

Станцияны жаңарту Қазақстанда КТК Кеңейту жобасының бірінші кезеңі аясында жүзеге асырылды. Осы екі нысанды тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға беру КТК мұнай құбыры жүйесінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Салтанатты іске қосу шарасына Атырау облысы әкімінің орынбасары Тимуржан ШАКИРОВ, КТК бас директоры Николай БРУНИЧ (Ресей), «КТК-К» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тимур РАХАНОВ, «АК “Транснефть"» ААҚ вице-президентінің орынбасары Николай САВИН (Ресей) және КТК-ның басқа акционер компанияларының өкілдері қатысты.

– Құрылыс учаскелеріне қауіпсіздік техникасы, сапа бақылау және құрылыс саласындағы халықаралық талаптар мен нормалар қолданылды, - деп хабарлады Тимур Раханов. – «Атырау» МАС мен «Теңіз» МАС Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Өйткені бұл станциялардан құбыр бойынша тасымалданатын негізгі мұнай көлемдері өтеді.

Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылым жобасын жүзеге асыру 4 жыл бұрын басталды. КТК Кеңейту жобасы Теңіз – Новороссийск магистралды мұнай құбырының өткізу қабілетін арттыру тиіс. Биыл бірінші кезеңді орындау барысында механикалық өткізу қабілетін 38 млн тоннаға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Электр тарату, қосалқы станция және аралық мұнай айдау станциялары желісінің құрылысы кіретін жобаның тағы екі кезеңін жүзеге асыру жұмыстары тұр. Бүкіл жұмыстарды 2016 жылдың қазанына қарай аяқтау жоспарланып отыр. Қазақстан аумағында бүкіл жоспарланған І, ІІ, ІІІ кезең нысандарын іске қосу жобалау қуаттылығын 55 млн тоннаға дейін, ал жалпы КТК жүйесі бойынша – 67 млн тоннаға дейін қазақстандық мұнаймен қамтуға мүмкіндік береді.

Жоба тарихы 1992 жылы, алғашқы үкіметаралық келісімшарт жасалған кезде басталды. 1996 жылға қарай қатысушылардың тұрақты тізімі қалыптасып, КТК-ны құру бойынша тәжірибелік жұмыстар басталды. – «11 акционер бір-бірінің мүдделерін ескеріп, осы жобаны жүзеге асыра алды».

Акционер компаниялардың өкілдері КТК жүйесінің өткізу қабілетінің артуы арқасында Қазақстан мұнайының едәуір көлемі әлемдік нарыққа бағытталатынын атап өтті. КТК жалпы ұзындығы 1,5 мың км болатын Теңіз-Новороссийск мұнай құбырына ие. Ол Қазақстанның батысындағы кеніштерді Қара теңіздің ресейлік жағалауымен жалғайды. Консорциумның экспортқа жөнелтетін мұнай көлемі 2014 жылы 40 млн тоннаны (+22,3%) құрады.

КТК акционерлері: Ресей (Транснефть – 24%, және КТК Компани – 7% ұсынған) – 31%; Қазақстан (ҚазМұнайГаз ұсынған) – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%; Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKARCO B.V. – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

14 қыркүйек 2015, 12:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.