14-19 қыркүйекте Атырауда Art Week Festival 2015 фестивалі өтеді.
"Магнолия" қыздар клубындағы фестиваль ұйымдастырушылардың айтуынша, Art Week – бұл заманауи өнер апталығы. Бұл апталық бойына визаж, стилистика, тамақ пісіру, фото және бейнетүсірілім, татуаж салу өнері, әшекейлер жасау, келіссөздер жүргізе білу, шешендік шеберлік, сурет салу, вокал, скай-йога (гамактағы йога) және зумба (арықтауға арналған билер) бойынша мастер-класстар өтеді.
Апталық ішінде 13 мастер-класс өткізілетін болады. Бүкіл шараларға кіру құны бірдей - 2000 теңге.
Маңызды бір деталь - барлық түскен қаржылар Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВТЫҢ "Атырау. Кішкентай ел" қоғамдық бірлестігі жетекшілік ететін мүгедек балаларға көмек ретінде жұмсалады.
14 қыркүйекте сағат 17.00-ден 19.00-ге дейін Бейбарыс даңғылы, 182 мекен-жайындағы 415-кабинетте сурет салу сабағы өтеді. Осы күні сағат 18.30-дан бастап 21.30-ға дейін Досмұхамедұлы атындағы университеттің 122-аудиториясында әшекейлер жасауды үйрететін болады.
15 қыркүйекте сағат 17.00-ден бастап 18.00-ге дейін Сәтпаев даңғылы, 36 мекен-жайында тамақ пісіру және мастика жапсыру бойынша мастер-класс өтеді. Ал Канцев көшесі, 1 мекен-жайында сағат 18.00-ден 20.30-ға дейін бейне және фототүсірілім сырлары туралы әңгімелейді.
16 қыркүйекте Досмұхамедұлы атындағы университеттің 122-аудиториясында сағат 17.00-ден 19.00-ге дейін ниет білдірушілерді визаждың қыр-сырына үйретеді. Сол аудиторияда сағат 19.30-дан 21.30-ға дейін келіссөздер жүргізу өнеріне үйретеді.
17 қыркүйекте сағат 17.00-ден 19.00-ге дейін Пушкин көшесі, 157 мекен-жайы бойынша қазақ тілінде шешендік өнері бойынша мастер-класс өтеді. Сағат 19.30-да Махамбет көшесі, 107 "А" мекен-жайындағы "Болашақ" колледжінде сізді суда сурет салуға, яғни, эбруға үйретеді.
18 қыркүйекте сағат 17.00-ден 19.00-ге дейін Досмұхамедұлы атындағы университетте 122-аудиторияда стилистер қалай дұрыс киіну керектігін әңгімелейді. Сол аудиторияда сағат 19.30-дан бастап уақытша татуды қалай салу керектігін көрсетіп, тіпті мұны өздеріне жасап байқап көруге мүмкінік береді.
19 қыркүйекте сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін "Атырау" фитнес-орталығында зумбаны, ал 14.00-ден бастап скай-йогага үйретеді. Құлманов көшесі, 129 мекен-жайында дұрыс және әдемі вокал құпияларын ашады.
Анастасия ПАСТУХОВА