Атырау, 29 қараша 01:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Миллионерлерге» бағамдық айырмашылықты төлейді

2 591 просмотра

Image 0Депозит мөлшері 1 млн теңгеден аспайтын салымшыларға бағам айырмашылығы төленетін болады. Бұл туралы Ұлттық банк АҚ АФ директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ ОКҚ (Орталық коммуникациялар қызметі) жергілікті филиалының баспасөз конференциясында хабарлады.

«МИЛЛИОН ҮШІН ЖАУАП БЕРЕМІЗ»

Еркін айырбас бағамының белгіленуіне байланысты Ұлттық банк ұлттық валютамен ашылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша бағамдық айырмашылықты төлеу тәртібін жасақтады. Бағамдық айырмашылық ағымдағы жылдың 18 тамызына дейін теңгемен депозит ашқан салымшыларға төленетін болады. Мұнда салымдар бойынша қалдықтар екінші деңгейлі банктерде немесе «Қазпошта» АҚ-да 1 млн теңгеден аспайтын болуы тиіс. Өз есепшотында 1 млн теңгеден астам қаржысы болған салымшылардың залалдары ішінара өтеле ме деген журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ұлттық банктің жергілікті филиалының басшысы былай деп мәлімдеді:

–Мөлшері 1 млн теңгеден ең болмаса 50 теңгеге асатын депозит салымшыларына бұл ереже қолданылмайды және оларға бағамдық айырмашылық төленбейді.

Салымдары осы сомаға сай келетіндер үшін де бірқатар шарттар бар. Бағамдық айырмашылықты алу үшін салымшы есепшотында ақшасын кемінде бір жыл сақтауы тиіс. Салымшыларға 1 қазанға дейін банкке депозиттерін қайта ресімдеуге жүгіну қажет.

ДОЛЛАРЛАР 19 ТАМЫЗДАҒЫ БАҒАМ БОЙЫНША ЕСЕПТЕЛЕДІ

Қ.Құлбарақов хабарлаған екінші жаңалық - ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты. Шетелдік валютамен берілген проблемалық қарыздар бағамды еркін босату енгізілген уақытта, яғни 19 тамызда белгіленген Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша қайта қаржыландырылатын болады. Сот актісі бар қарыздар бойынша –сот актісі шығарылған уақыттағы Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша қайта қаржыландырылады. Бағдарлама шеңберінде, тараптардың келісімі бойынша, баспанасы немесе жер телімі банктің немесе ипотекалық ұйымның балансына алынған

қарыз алушылардың несиелерін қайта қаржыландыру мүмкіндігі ұсынылады. Айтпақшы, бағдарламаға енгізілген түзетулер кепілдік алаңының мөлшеріне де қатысты. Бұрын баспана алаңы 120 шаршы метрден аспауы тиіс болса, енді бұл талап тек тұрғын үй алаңына ғана қолданылады (асүй, сантораптар және т.б. есептемегенде). Алаң бойынша шектеулер көпбалалы отбасыларға қолданылмайды. Қайта қаржыландыру бағдарламасын тек қарыз алушылар мен олардың жұбайлары ғана емес, егер бұл жалғыз баспанасы болса, кепіл берушілер де қолдана алады. Әлеуметтік осал топқа жататын қарыз алушылар мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылады. 1 қыркүйекке қарай бүкіл ел бойынша банктерге 6 796 өтініш берілді, қайта қаржыландыру туралы оң шешім 3 140 өтініш бойынша берілді.

Қайта қаржыландырудың осы бағдарламасына Ұлттық банк 130 млрд теңге бөлді, ол проблемалы қарыз алушылардың қарыздарын есептен шығаруға емес, тек ипотекалық несиелер бойынша төлем шарттарын жеңілдетуге бағытталған. Осы бағдарлама бойынша соңғы девальвация алдында ғана алынған қарыздарды қайта қаржыландыруға болмайды екен. Ол тек 2004-2009 жылдары берілген ипотекалық несиелер бойынша ғана қолданылады.

«ВАЛЮТ-ТРАНЗИТ» ҮШІН «ЦЕНТРКРЕДИТ БАНКІ» ЖАУАП БЕРЕДІ

10 тамыздан бастап «ЦентрКредит Банкі» АҚ бөлімшесі «Валют-Транзит Банк» АҚ депозиттері бойынша қосымша өтемдерді төлеуге өтінімдерді қабылдайды. Бұл Қозыбақ Құлбарақов хабарлаған үшінші жаңалық. Соңғы ай ішінде ақша алуға 2,5 мыңнан астам адам жүгінген екен. Депозит бойынша 5 млн теңгеге дейінгі қалдықтарды алу үшін (ол бойынша есептелген сыйақы есебінсіз) «ЦентрКредит Банкі» АҚ-на бару керек.

Өзімен бірге жеке бас куәлігінің түспнұсқасын, мұрагерлерге – мұраға құқығын растайтын құжаттарды, салымшылар өкілдеріне – нотариалды расталған сенімхатты әкелу керек. Төлем бес жұмыс күні ішінде жүргізілетін болады.

– Қазіргі уақытта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының бағамдық айырмашылығын төлеу механизмін жасақтау жүріп жатыр, бұл жұмыс 1 қазанға дейін аяқталуы тиіс. 18 тамызда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» 499 мың келісімшарт жасалды, оның 435 мыңы 1 млн теңгеден аз сомада. Бұл еліміздегі бүкіл теңге депозитінің 30 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта біздің банк Атырау облысында ұзақ мерзімді салымдар бойынша бірінші орын алады – 19 мыңнан астам келісімшарт, оның 17 мыңнан астамы 1 млн теңге сомаға дейін, - деп мәлімдеді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Атырау филиалының директоры Нұрбол ҚҰРБАН. Бүкіл салымшылардың мүдделері ескеріледі, олар үшін бағамдық айырмашылықты төлеуге тиісті мәлімдеме беруге уақыттары жеткілікті.

Ал банк өкілдігінің жұмысы барлық салымшылар бағамдық айырмашылықты еш дүрлігіссіз алатындай ұйымдастырылатын болады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

11 қыркүйек 2015, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.