Ресей Украинамен шекарасындағы Белгород облысында үлкен әскери база сала бастағаны хабарланып жатыр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 7 қыркүйекте шағын Валуйки қаласына жақын аумақта жұмысшылар құрылыс алаңын қоршай бастаған. Ресми құжаттарға сілтеме жасаған агенттік Ресей қорғаныс министрлігі аумағы 300 гектар жерге әскери база сала бастағанын айтады.
Базада қару-жарақ қоймалары мен 3 мың 500 әскерге арналған казармалар, мұз айдыны мен бассейні бар демалыс кешені болмақ.
Министрлік базаны әскерді артиллерия әуе шабуылынан қорғанысқа дайындықтан өткізуге, бронды әскери көліктермен маневр жасауға пайдаланбақ. Базада бұған қоса АҚШ әскерилерінің тактикаларын зерттейтін орталық ашу жоспары да бар.
Киев пен Батыс елдері Ресейді Украина шығысындағы үкімет әскерімен соғысып жатқан ресейшіл сепаратистерге әскер мен қару-жарақ жөнелтеді деп айыптайды. Мәскеу Украинада әскері барын жоққа шығарады.
Дереккөз: Азаттық радиосы