Индерборда осыдан 15 жыл бұрын бюджет қаржысына салынған 40 орындық монша жарты жылдан бері бос тұр.
Ал, әкімдік нысанды сенімгерлік басқаруға беруге асықпай отырған сыңайлы. Бұған дейін моншаны 2004-2010 жылдары жеке кәсіпкер Мырзабек ТАСЫБАЕВ сенімгерлік басқаруға алған болатын. Алайда, жергілікті әкімдік кейін оны алып қойды. Осыдан соң жергілікті әкімдік моншаны 3 млн теңге бюджет қаржысына жөндеп, басқа бір кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берді. Осы кезде моншаны аяқ астынан өрт шалады да, нысанды әкімдік бұл кәсіпкерден де алып, тағы бір кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға береді. Алайда, өрт оқиғасы тағы да қайталанады. Ақыры монша әкімдік балансында қалады.
М.Тасыбаев моншаны сенімгер-лік басқаруға алғысы келгенімен әкімдік келісімшартқа тек бір жыл мерзімге отырмақшы. Бұл жағдай бизнесмен үшін қолайлы емес.
- Моншаға жұмсалатын шығын өзін ақтай бермейді. Су, газға кеткен шығынның орнын жабу оңай емес. Сол себептен 40 орындық моншаның бір бөлігінен химиялық жолмен тазарту және кір жуу орнын ашуды жоспарлағанбыз. Ауданда мұндай қызмет көрсету орталықтары жоқ болғандықтан сұраныс бар. Алайда менің жобам сәтсіздікке ұшырайтын түрі бар, - деп қынжылады Тасыбаев.
Осы жылдың 17 тамызында оған жауап ретінде Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРЛЫБАЕВТЫҢ қолы қойылған хат келген болатын. Онда мемлекеттік мүлікті бір жыл жай сенімгерлік басқаруға тендер өткізбестен беруге немесе бір жылдан артық мерзімге тендер нәтижесі арқылы берілетіндігі хабарланған.
Алайда Тасыбаевтың ойынша тендер шешімі әкімдіктің келісімшартты бұзып, уақытынан бұрын мүлікті қайтарып алмауына кепілдік болмайды.
- Кезінде сондай қадамға барды ғой. Болмаса әкімдер ауысып кетсе, не болмақ? Онда несиеге сатып алынған аппараттарымның ақшасын қалай төлеймін? - дейді М.Тасыбаев.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев моншаны 3-5 жыл мерзімге дейін басқаруға беру үшін тендер өткізу құжаттарының дайындалып жатқанын хабарлады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА