Жылыой аудандық прокуратурасы аудан көлемінде жұмыс жасап жатқан шетелдік ЖШС-де Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарын бұзу фактілерін анықтады.
Атап айтқанда, «Сенімді Құрылыс» ЖШС, «Ариадна» ЖШС, «Арктик Групп Интернешнл» ЖШС, «Даларо Оверсиз» ЖШС тарапынан жұмысшыларды еңбек келісім-шарттарымен, жұмыстан босату туралы бұйрықтармен таныстырмау, еңбек кітапшаларын уақытылы толық толтырылмауға жол беріліп келген екен. Тексеру барысында «Ариадна» ЖШС-нің 2015 жылы жекелеген мамандықтар бойынша жұмысшылар алып, алайда Еңбек кодексінің 147-бабының 2 тармағы 3 тармақшасында көрсетілгендей бос жұмыс орындары (бос лауазымдар) туралы Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарламағаны анықталды.
- Еңбек кодексінің 134- бабының 1-бөлігіне сәйкес жалақыны ұлттық валюта-теңге түрінде беруге тиісті екендігіне қарамастан «Арктик Групп Интернешнл» ЖШС-де шетелдік қызметкерлерге жалақы қолма-қол АҚШ долларымен беріліп келген, - дейді Жылыой ауданы прокурорының көмекшісі Асыланбек БАЙБУСЫНОВ. – Сондай-ақ, бірдей лауазымдық қызмет атқаратын отандық және шетел жұмысшыларының еңбекақыларында едәуір алшақтық анықталған. Осындай заң бұзушылықтар «Кис/Орион», «Нэйборз Дриллинг Интернэшнл Лимитед», «ЮСС Супорт Сервисез», «Фиркрофт Инжиниринг Сервисез Лимитед» компанияларында орын алған».
Осы заң бұзушылықтар бойынша Жылыой аудандық прокуратурасы Атырау облысы бойынша еңбек инспекциясына көрсетілген шетелдік компанияларды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 90- бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс берді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА