Азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы 3 қыркүйекте Орталық коммуникациялар қызметінің Атырау филиалында «“Атырау" ӘКК ҰК» АҚ басқарма төрағасы Абат ТАСИМОВТЫҢ қатысумен болған брифингте талқыланды.
Өңірлік тұрақтандыру қорына биыл сатып алынатын көлем 4 740 тоннаны құрайды, олардың 4600 тоннасы - көкөністер, соның ішінде «Феликс» ШҚ, «Зеленое поле» ЖШС, «Жайық» ШҚ, Махамбет ауданындағы «Дастан» ШҚ, Индер ауданындағы «Алға-1» ШҚ және Атыраудағы «Әжібай» ШҚ сияқты жергілікті шаруа қожалықтарының картоптары. Сонымен қатар 140 тонна азық-түлік өнімдері (15 түрлі тауар) алынады. Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің тізбесін жасап, оған 33 түр кіргені белгілі. Алайда осы 33 түрлі өнімдердің барлығын тұрақтандыру қоры сатып ала алмайды, өйткені тізбеге айран, ірімшік, сүзбе сияқты тез бұзылатын тауарлар да кіреді.
Қант, өсімдік майы, күріш, макарон түрлері, сары май, қара құмық, тауықтың аяғы, сиыр еті және басқа да ұзақ уақыт сақтауға келетін өнімдер сатып алынды. Тұрақтандыру қоры тауарларымен облыстың тұтыну қажеттілігінің 10%-ы қамтамасыз етіледі. Мамандардың пікірінше, бұл бағалардың күрт көтерілуі орын алған жағдайда тұрақтандыруға жеткілікті.
Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін жергілікті бюджеттен 380 млн теңге бөлінді, бұл қаржының 150 миллионы көкөніс өнімдерін сатып алуға жұмсалса, қалғаны басқа азық-түлік өнімдерін алуға жаратылды. Атап айтсақ, өнімдердің жалпы көлемінің ішінен картоп келісі 56 теңгеден 2 мың тонна, пияз – 50 теңгеден 1500 тонна, сәбіз – 54 теңгеден 300 тонна, орамжапырақ 51 теңгеден 250 тонна сатып алынады.
Тұрақтандыру қорына арналған көкөністер тек жергілікті қожалықтардан алынады. Көктемде облысымыздың 9 шаруа қожалығымен форвардтық шарттар жасалып, фермерлерге барлық соманың 70%-ы айдарылды және бұл 105 млн теңгені құрады. Мұндай шарттарды мемлекеттің ауылшаруашылық өнімдерін шығарушыларға көрсетіп жатқан қолдауы деуге болады. Олар осы аванс есебінен тұқым, отын және т.б. сатып алу шығындарын жабады. Қалған 30%-ды тауарды жеткізгеннен кейін алады. Көкөніс өнімдерін жеткізу мерзімдері – 10 қазаннан 10 қарашаға дейін. Екі апта бұрын «Атырау» ӘКК, ауыл шаруашылығы басқармасы, «Атырау Агросервис» ЖШС өкілдерінен құрылған арнайы комиссия шаруа қожалықтарына барып, көкөніс тұрақтандыру қорына өз уақытында түседі деген қорытындыға келді. Қалғандары да отандық өнімдерден алынады.
Өткен жылы тұрақтандыру қоры өнімдері облыстың 118 сауда нүктелерінде сатылды, олардың 53-і облыс орталығының базарларында, супермаркеттерінде және т.б. сауда орындарында өткізілді. Биыл сауда нүктелерінің санын 130-ға жеткізіп, олардың 60-ы облыс орталығында болады. Жаңа орындар алдымен ауылдық округтарда ашылады.
Тұрақтандыру қоры, алдымен, халықтың аз қамтылған бөлігіне арналған. Олар көтерме бағамен сатылмайды, тек бөлшек саудамен, нарықтан 15% төмен бағамен беріледі. Соңғы уақытта қант бағасының едәуір өскені туралы журналистердің сұрағына жауап берген Абат Тасимов арнайы комиссияның ірі сауда нүктелеріндегі бағаларды ғана бақылауда ұстауға мүмкіндігі бар және оның қадағалауынша, тәтті өнімнің орташа бағасы 165 теңге (153-тен 200 теңгеге дейін) шамасында екендігін мәлімдеді.
- Үкімет арнайы тізбеге кіретін тауарлардың әр түріне шектік баға бекітілді. Қант үшін, мысалы, 1 келіге 177 теңге деңгейі белгіленді. Тұрақтандыру қорының ережесі бойынша, облыс бойынша орташа бағам осы саннан асып кетсе, комиссия тауарлық интервенция туралы шешім қабылдайды, яғни, бағаны тұрақтандыруға қабілетті ішкі нарық анықтаған өнім көлемін саудаға шығарады,- деді ол.
Облыс тұрғындары жиі қоятын талаптардың бірі «Атырау Агросервис» сөрелеріндегі көкөністің сапасы. Жеке кәсіпкерлердің барлық өнімдері ірі және таза. Ал тұрақтандыру қоры ұсынатын тауар қашан да ұсқынсыздау көрінеді: мысалы, картоптар ұсақ, жартылай шіріген, яғни, жартысы қоқыс шелегіне кетеді. Мұның себебі не: ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер басынан бастап тұрақтандыру қорына нашар тауар жеткізе ме немесе сақталу кезінде бұзыла ма?
- Бұған көптеген факторлар әсер ете алады. Тауар сапасына көңіл толмау өткен жылда да, арғы жылда да болды. Алайда өнімді жергілікті тауар өндіруші әкелгендіктен, біз оған қолдау көрсетуіміз қажет. Дегенмен биыл тауар сапасына ерекше көңіл бөлетін боламыз,- деп сөз берді Абат Тасимов.
Зульфия ИСКАЛИЕВА