Зейнеткер Валентин БУЛЫГИНГЕ (суретте) бір істі тындырдым деп демалуға болады.
Үстіміздегі жылғы шілде айының ортасында Азаттық даңғылы №64 үйдің тұрғыны В. Булыгин қала әкіміне осы үйдің жертөлесі қандай себептен суға толды деп сұрақ қойған болатын.
28 шілдеде редакцияның сұранысына қала әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИН жазбаша жауап беріп, В. Булыгиннің арызы бойынша «Атырау қаласының тұрғын үй инспекциясы» ММ зейнеткер тұратын осы үйге қызмет көрсететін «Восток» ПИК-іне жоспардан тыс тексеру жүргізгенін хабарлады. Тексеру барысында ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң талаптары бұзылғаны, атап айтсақ, ПИК-те үйге күрделі жөндеу жасау үшін кооператив кассасына тұрғындардың салатын қаржысын реттейтін жинақ есеп шоты жоқ екені анықталды.
Хатта үй ғимаратының жертөлесінің суға толуы жөнінде былай делінген: бөлім «Восток» ПИК төрағасына және «Атырау Су Арнасына» жертөледегі кәріздік жүйенің ақауларын анықтап, жою керектігі жөнінде хаттар жолданды. ПИК төрағасының айтуынша, жертөле жақын жердегі КСС-тің істен шығуы себепті суға кеткен.
- Тексеру барысында бөлім ПИК-тің жертөлені құрғатып, кәріздік жүйені тексеріп шыққанын анықтады. «Атырау Су Арнасы» КМК мамандары үйді толықтай тексеріп шықты. Қазіргі уақытта жертөле құрғақ, кәріздік жүйеде ағулар табылған жоқ,- деп жазды әкім орынбасары Зайдуллин.
Осы хат «АЖ»-да жарияланғаннан кейін В. Булыгин бірнеше рет қалалық әкімдікке бірнеше рет хабарласты:
- Әкім орынбасары жертөле құрғатылды деп жазады, алайда оның іші нәжіске толы, «боқ» сасиды.
Жақында ол тағы да редакцияға хабарласып, әділетсіздікті жоюға көмектесуге өтініш білдірді.
Мен қалалық әкімдіктің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан ЕРҒАЛИЕВҚА телефон соқтым. Ол №64 үйге келіп, сол жерге ПИК төрағасы В. Хан да шақыртылды.
Булыгин, Ерғалиев, Хан жұмысшылармен жертөлеге түсті, мен де соңдарынан ердім.
ЖЕРТӨЛЕДЕГІ ӘҢГІМЕ
Жертөле сасыған қоймалжыңға толы екен. Дау басталды.
Слесарь: Торды кеште қондырғанбыз, таңертең келсек, жоқ.
Хан: Мен оны кеше түсіргенін, таңертең жоқ болғанын растаймын. Ал жертөленің кілті тек сізде ғана, Булыгин!
Булыгин: Сіз сонда мені бүлдірді дегіңіз келіп тұр ма? Мен үйді қадағалап жүремін.
Х.: Үйді қадағалап жүретін сен кімсің?
С.: Қараңыздар, кәріздік құбырлар бұзылмаған, еш жерден ағып тұрған жоқ.
Ерғалиев: Мына сулар қайдан пайда болды?
Б.: Иә, бәрі нәжіс...
Х.: Таңертең су болған жоқ. Булыгин әрі тұр...
Е.: Жиырма күн бұрын мен осы жертөлеге түстім. Бәрі сол күйінде тұр. Григорьевич (В. Хан), сіз мені ақымаққа санайсыз ба? Мен сізге баламын ба? Қоқыстар ғана жиналыпты, ол да толық емес.
Х.: Бәрі дұрыс.
Е.: Қайсысы дұрыс. Қараңыз, не болып жатқанын!
Х.: Бұл – сыз!
Е.: Қайдағы сыз? Бұл – нәжіс!
Б.: Келесі кіреберіске барайық, онда да осындай жағдай.
Х.: Керек емес сенің кіреберісің...
Ерғалиев пен Хан арасындағы сөзталас сыртқа шыққанға дейін жалғасты. Содан кейін екеуі екі жаққа кетті.
Жарты сағаттан кейін редакцияға Ерғалиев телефон соғып, жағдайды түсіндірді.
- Біз қала әкімінің орынбасары Ә. Зайдуллиннің қолы қойылған хатты дайындағанда бұл жертөле расымен құрғақ болды. Біраз уақыт өткеннен кейін Булыгин жертөле нәжіске толы деп тағы хабарласты. Тамыздың басында бұл үйге өзім бардым. Жертөледе су болды. Мен Ханға 1 қыркүйекке дейін бәрін ретте деп тапсырма бердім. Ол ештеңе жасамапты. Мен қарамағымдағы мамандарға сенбі күні сағат 15-те үй ауласына тұрғындар жиналысын өткізіп, төрағаны кері сайлау жөнінде ұсыныс жасаңдар деп тапсырма бердім. Осындай жиналыстар «Восток» ПИК-інің қалған 11 үйінде де өтеді. Бұл жерді тәртіпке келтіреміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор