Атырау, 21 желтоқсан 23:22
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​Риоға баратын мүмкіндік бар

2 713 просмотра

Image 0Сансызбай ТОРҒАЕВ Өткен аптада Павлодар қаласында өткен Қазақстанның 4-інші Жазғы Паралимпиадасында атыраулық спортшылар 14 алтын, 12 күміс және 6 қола медаль ұтты. Жеңіп алған жүлделері санынан облыс құрамасы 16 команданың ішінен 7-орын алды. Салыстырып қарасақ, 2011 жылы өткен алдыңғы ҚР Паралимпиадасында облыс құрамасы 15-орын алған еді.

Жеткен жетістіктері туралы «Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК директоры Сансызбай ТОРҒАЕВ әңгімелеп берді.

- Үстіміздегі жылдың маусым айында біз іріктеу жарыстарын өткіздік. Бірінші және екінші орын алған спортшыларды облыс құрамасына алып, «Інжу-Маржан» шипажайында тегін жатын орын мен тамақ ұйымдастырып, 10 күндік оқу-жаттығу жиынын өткіздік.

Павлодардағы жарыстарда облыс құрамасының қоржынына алғаш жүлделерді оқ ату спортының өкілдері салды. Ампутант мүгедектер арасындағы жарыста Руслан Досалин мен Ақниет Ізімбай «күміс» нәтиже көрсетті. Ақниеттің «алтынға» алты-ақ ұпайы жетпей қалды. Алайда ол жинаған ұпайлар нормативін орындап, облыс тарихында алғаш рет оқ атудан спорт шебері атағына ие болды.

Бұл жетістіктерде КСРО спорт шеберлігіне үміткер, «Атырау облыстық оқ ату федерациясы» ҚБ-ның директоры Жексенбай Шектібаевтың еңбегі зор. Ол жарысқа бір ай уақыт қалғанда спортшыларды тегін жаттықтыруды қолға алды.

Паралимпиаданың алғашқы күнінің соңына қарай «алтын» жетістік туралы белгілі болды: тірек-қозғалыс аппараттары бұзылған мүгедектер арасында пауэрлифтингтен 86 келіге дейінгі салмақта Индира Назарбаева жарты центнер зілтемірді көтерді.

Әрі қарай жүлделер құйыла берді. 50, 100 және 400 метр қашықтыққа еркін стильмен жүзуден Ержан Сәлімгереев бір «алтын» және екі «күміс» ұтты. Жігітіміз жеңіске деген үлкен жігерлік көрсетті. Оның бір қолы мен бір аяғы жоқ. Ержан олимпиадалық мінез танытып, жеңіске жетті.

Image 1Эльмира Балманова Жеңіл санаттағы мүгедектер арасында жүзу жарыстарында Екатерина Обратнова жеңіс тұғырына үш рет көтерілді. 100, 200 және 400 метрге жүгіруден үш «алтын» жүлдені құрама қоржынына тірек-қозғалыс аппараттары бұзылған жеңіл атлетші Бағытхан Өтешова салды.

Тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедектер арасында ядро, найза және диск лақтырудан Нұрлыбек Исатаев екі «алтын» мен бір «қола» медаль алды. Осындай жарыстардан тағы бір «алтын» мен «күмісті» Биғайша Махаева олжалады. Аяғы зақымданған мүгедектер арасында Нұржан Қасанов 400 метр қашықтыққа жүгіруден үздік атанды. Эльмира Балманова үстел теннисінен жеңімпаз болды. Бұл қыз бірнеше жыл бұрын омыртқасын жарақаттап, арбаға таңылған еді, ал қазір спортпен шұғылдану арқасында жүгіреді және билейді.

Аяқтары ампутацияланған мүгедектер арасында Ерлан Битеміров найза, диск және ядро лақтырудан бір «күміс» және екі «қола» алды. Қолдары зақымданған мүгедектер арасында Жылыой ауданынан келген Ерлан Есекенов ұзындыққа секіруден күміс жүлдегер атанды. Осы спорт түрінен Индер ауданынан келген командаласы Жасұлан Бисенов «қолаға» қол жеткізді.

Тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедектер арасында үстел теннисінен жеке жарыстарда Людмила Фокина мен Тыныштық Жакупова күміс жүлдеге ие болды. Жұп болып ойнауда Фокина-Жакупова және Балманова-Орынбаева жұптары екі «күміс» әкелді.

Арбамен билеу жарыстарына тірек-қимыл аппараттары бұзылған мүгедектер дені сау жұптарымен өнер көрсетеді. Спорттың бұл түрінде Қуаныш Тәжіков пен Гүлсім Аталықова «күміс», Руслан Айтпаев пен Риза Иманалиева «қола» иеленді. Соңында тірек-қимыл мүгедектері арасында отырып ойнайтын волейболдан облыстық команда барлық матчтарын да айқын басымдықпен жеңіп, 9 облыс арасында үздік атанды.

Image 2Индира Назарбаева жаттықтырушы И. Телеуғалиевпен бірге. Облыс құрамасы сапында жарыстарға аудандарда жұмыс жасайтын «Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК әдіскерлері қатысты. Олар жаттығулар мен жарыстар ұйымдастыруда қажетті тәжірибе жинақтады. Қазір олар аудандарға кетіп, мүгедектер арасындағы спортты дамытуды насихаттап жүр.

2013 жылы облыс әкімінің орынбасары Ш. Мұқанның тапсырмасымен облыстың барлық аудандарында мүгедектер спорты бойынша әдіскерлердің штаттық бірліктері ашылды. Жылыой мен Исатай аудандарында бұл лауазым әзірге бос тұр.

Нұрберен Аманғалиев, Дамир Ешенқұлов, Ілияс Телеуғалиев, Гүлнара Иманалиева, Александр Мартынюк, Бауыржан Тахауов сияқты «Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК жаттықтырушылары шәкірттерінің қуаныштарымен бөлісуде. Спортшылар мен жаттықтырушылар жарыстарға бару қаражатын көтерген облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов пен облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Н. Ермұхановқа алғыс айтады.

- 2016 жылы Риода өтетін Паралимпиадаға лицензиялар алу мәселесі қалай?

- 2016 жылғы Паралимпиаданың бір жолдамасы Атырауда бар. Оны Кореяда өткен дзюдодан Әлем кубогында қола жүлдегер атанған көру мүшесі зақымданған Ануар Сариев иеленді. Жүзгіштер Е. Обратнова мен Е. Сәлімгереевтің лицензия алуға мүмкіндіктері бар. ҚР Паралимпиадасының қорытындысы бойынша олар ҚР құрамасы қатарына қосылды және үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Польшада өтетін классификациялау турниріне қатысады.

2016 жылғы сәуірде отырып ойнайтын волейболдан ҚР құрамасының базалық командасы болып саналатын облыстық команда лицензиялар сарапқа салынатын Әлем кубогіне қатысады. Сонымен қатар, облыстық әкімдік «Атырау» отырып ойнайтын волейбол командасына үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Сочиде өтетін Бүкіләлемдік ойындарға және қараша айында Гуаньчжоу мен Тегеранда өтетін әлем және Азия клубтық чемпионаттарына қатысу үшін қаржы бөлді.

Осы мүмкіндігімді пайдалана отырып, мүгедек балалардың ата-аналарына балаларын біздің спорттық клубымызға әкеліңіздер деп айтқым келеді. Біздің жоғары білікті жаттықтырушылардың тату-тәтті ұжымы мен сыпайы, ақылды спортшыларымыз қашан да қол ұшын беруге әзір.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті «Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК ұсынды және автордікі


3 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.