- Менің қызым былтыр мектепке даярлық сыныбына барды. Енді биыл оны 1-сыныпқа берейік десек, мектеп басшылығы бізге қызымның жасы 6-ға толмағанын айтып, қабылдамай отыр (ол 17 қыркүйекте 6-ға толады). Ол оқуды да, есеп шығаруды да біледі. Сондықтан, даярлық сыныбында енді оған қызық емес. Неге ата-аналарға баланың жасына байланысты даярлық сыныбында екі жыл қатарынан оқытуға тура келетінін басында ескертпейді?
Телефон арқылы
Cұраққа қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле САЙЛАУОВА жауап берді:
- ҚР үкіметінің 2012 жылдың 19 қаңтарындағы №127 бұйрығына сәйкес, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларының 4-тармағында «бастауыш білім беру ұйымдары даярлық деңгейіне қарамастан, кезекті оқу жылының 1 қыркүйегіне дейін білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумақтарындағы (алты, жеті) жасқа толған барлық балалар 1-сыныпқа қабылданады» делінген. Осыған сәйкес, сіздің балаңыздың жасы келмеуіне байланысты 1-сыныпқа қабылданбайды.
Даярлық сыныбында кері оқуға болады. Баласын үйден өзі дайындап оқыта ма, әлде мектепке кері даярлық сыныбына бере ме - оны ата-ананың өзі шешеді. Біз мектеп басшыларына баланы даярлық сыныбына аларда неге оның жасына қарап, келесі жылы да жасының келмеуіне байланысты 1-сыныпқа қабылданбайтынын ескертпедің деп айта алмаймыз. Себебі, бала алты жасқа толмаған соң біздің заңды бұзуға хақымыз жоқ.