Атырау, 29 қараша 00:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

​Құс өсірсең, табыс бар

4 733 просмотра

Image 0Атырауда соңғы кездері құс өсіру шаруашылығына қызығушылық пайда болған. Бұл сала облысымызда, баяу қарқынмен болса да, дамып келеді. Осыған өз үлесін қосып жүргендердің бірі – кәсіпкер Ержан ҚУАНЫШЕВ.

Ержан биыл Исатай ауданы Аққыстау ауылы тұсынан 2 гектар жерді жалға алып, үйрек-қаз өсірумен айналыса бастады. Өзі қалада тұрады, кәсіпкерлікті осында жүріп қолға алған: есік, терезе жасап, сатқан. Кейін Жұмыскер ауылынан 50 орындық монша ашты.

- Бала кезімде Исатай ауданындағы қазіргі Х. Ерғалиев ауылына жиі баратынмын. Онда нағашы атам мен әжем тұрды. Ауылдың тірлігін сол кезден көріп, мал бағу жұмыстарына көмектесіп жүрдім. Табыс көзін тапсаң, ауылда мүмкіндік барын сол кезде түсінгем, - дейді Ержан.

Монша ісі алға басқанымен, ауылға деген көңіл оның көкейінен кетпеді. Сөйтіп, бала кездегі ой-арманын биыл іске асыру мүмкін болды. Өз қаржысына Ресейдің Орынбор қаласынан 80 қаз бен 30 шақты үйректің балапанын сатып алып келді. Жалға алған жері Боқсақ каналы бойында орналасқан. Судың жақын жерде екенін пайдаланып, егін екті: қияр, қызаң, қауын, қарбыз өз жемісін берді. Бірақ жерсініп кетпеді ме, қиярдың өзін үш реттен егуіне тура келді. Бір жағынан жауған жаңбырдың ащы болуы да егістігіне аздап нұқсан келтірген еді. Бірақ өз ісіне берілген Ержан бұл сәтсіздіктерге мойыған жоқ. Егін өнімдерін сатуға шығарып, пайда тауып жүр. Алдағы уақытта түбегейлі құс етін сатумен айналысқысы келеді. Сол үшін де құс өсіру шаруашылығын әрі қарай дамыта түсуді жоспарлап отыр.

- Құс еті мен майы, қауырсыны мен мамығы пайдалы ғой. Оның үстіне қаз бен үйрек күй талғамайды. Әрі қаз майын үсік пен күйікті емдеуде пайдаланады. Ал, оның майлы сорпасының дәмі тіпті керемет, - дейді Ержан.

Қаздың етін мен біздің базарлардан кездестіріп көрмеппін. Ал, енді болашақта біздің облысымыздағы кешен дамып келе жатқан құс шаруашылығына Ержанның да үлес қосарына сеніміміз мол.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 қыркүйек 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.