Атырау, 29 қараша 01:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

Кредиторға төнген қатер

3 991 просмотра

Қазақстанда борышкерің болған неге қауіпті?

Image 0

Үстіміздегі жылдың ақпан айында Қазақстанның батыс өңірінде мұнай өндірумен айналысатын «ЛайнсДжамп» ЖШС-тің 42 қызметкерінің көп айлар бойы жалақы ала алмай жүргендері белгілі болды. Сол сәтте жалақы бойынша қарыз 20 миллион теңгені құрады. Компанияның бас директоры Виталий ЛИ жалақы кешігуінің себебін мұнай бағасының құлдырауымен түсіндіріп, БАҚ-қа жалақы қарыздарын өтеуге мүмкіндік беретін «несиелік желімен келіскені» туралы айтты. Сонымен қатар, тағы бір мұнай өндіруші компанияның бұдан да үлкен мөлшерде жалақы қарызы бар екенін білеміз. «Гюрал» ЖШС-тің еңбек шарттарын тоқтатуға байланысты 69 қызметкерінің алдындағы жалақы қарызы 23 243 961,21 теңгені құрады және бұл компания қызметкерлерінің жұмыс беруші үстінен жазған көптеген сот шағымдарының тақырыбы болды.


Бізге, сондай-ақ, «ЛайнсДжамп» ЖШС және оның басшысының «Гюрал» ЖШС-пен байланысты қылмыстық іс материалдарында еске алынатыны да белгілі болды. Қазақстанның мұнай нарығында жұмыс жасайтын үш бірдей компания ірі алаяқтық туралы шағыммен полицияға жүгінді.

Адвокат Арсен БАЙМАҚҰЛОВ айтқандай, әңгіме төркіні шикі мұнай сатып алушылар айырылған 15 миллионнан аса доллар туралы.

- Менің клиентім - «Exditrade» ЖШС пен «VegaResources» және TitanOilTrading сияқты тағы екі компания ыңғайсыз жағдайға тап болды және бәрінде де бір проблема,- деп хабарлады Ratel.kz сайтына Баймақұлов мырза. Үш фирма да өткен жылы Атырау облысындағы өз кен орнынан шикі мұнай тиеп беруге міндеттелген «Гюрал» ЖШС-пен келісімшартқа отырған. Кейін анықталғандай, «Гюрал» ЖШС барлық үш мұнай трейдерлеріне мұнайдың бір көлемін сатқан екен.

- Мұны қалай жасауға болады?

- Мұнай кен орындары белгілі бір мұнай өндіру деңгейіне ие және бұл мемлекеттік өкілетті органдарға берген есептерінде көрсетіледі. Бұл ашық мәліметтер, мұны ҚР Энергетика министрлігінен алуға болады. Осы деректер бойынша, «Гюрал» ЖШС орта есеппен айына екі мың тонна мұнай өндіреді. 2014 жылдың көктемінде мен мүддесін қорғайтын компания «Гюрал» ЖШС-пен шарт жасасты. Біздің жағдайымызда бұл 2015 жылдың 31 қаңтарына дейін ай сайын 20 000 тонна мұнай жеткізіп беру еді.

- Яғни, олар өндіретіндерінен артық мөлшерде ұсынған ба?

- Иә, үшінші тұлғалар алдындағы келісімшарттары мен міндеттемелерін қосқанда, солай. «Гюрал» ЖШС иесі Евгений Вячеславович ШЛЕНСКИХ мырза бұл кен орнын жақында, 2013 жылы сатып алған. Менің клиентімнің айтуынша, «Гюрал» ЖШС иесі жаңа ұңғымаларды бұрғылап, өндіріс көлемін арттырамыз деп өзіне сенімді түрде айтқан. Менің клиентім үш айға алдын ала төлем жасап, «Гюрал» ЖШС өндірісті арттыру жұмыстарын сәтті жүргізуі үшін бір айға тағы аванс берген.

- Мұнай бизнесінде осылай жасала ма?

- Иә, бұл кең тараған тәжірибе. Мұнай өндірушілердің өндіруге байланысты үлкен операциялық шығындары болады, сондықтан да мұнай трейдерлері алдын ала төлем жасайды және өз бизнестерін жоспарлауға мүмкіндік алады. Өйткені егер шикі мұнай жеткізу шартпен белгіленген болса, мұнай өңдеуші зауыттармен, жанар май құю желілері және басқа да соңғы тұтынушылармен тендерлік сатып алулар жағдайында келіссөз жүргізу үшін маңызды.

- Мұнай өндірушілер МӨЗ-бен неге тікелей жұмыс жасамайды?

- Нарықтың өзіндік ерекшелігі осындай. Біреу өндіреді, біреу сатады. Ұңғымадан жанар май құю бекеттеріне дейін вертикалды-интеграцияланған компаниялар – бұл бизнестің басқа деңгейі. Шағын мұнай өндіруші компанияларға шикізатты өңдеуге беріп, содан кейін мұнай өнімдеріне сатып алушы іздеп, логистикамен айналысқаннан гөрі мұнайды трейдерлерге сатқан тиімді.

- Яғни, «Гюрал» ЖШС үлкен сомаға ие болды ма?

- Менің клиентім барлығы бір миллиард теңгеге жуық ақша аударды. Алайда проблемалар бірден туындады. Бірде мұнай көлемін толтырмай жібереді, бірде жеткізуді кешіктіреді.

- «Гюрал» ЖШС тарапынан түсіндірулер болды ма?

- Барлық уақытта да жағдай түзеледі деп сендірумен болды. Сонымен қатар, өндірісті күрт арттыру үшін бір жылға алдын ала төлем жасауды ұсынды, мұндай жағдайда жеткізу жағынан проблема мүлдем болмайды деп те айтты. Алайда менің клиентімде бос тұрған мұндай сома болған жоқ, сондықтан да жарты жылдық алдын ала төлем жасауға келісті. Бірақ жағдай өзгермеді, мұнай бұрынғысынша жеткізіліп, келісімшарттағы талаптар сақталмады. Алайда клиентім нарықта мұндай болатын шығар деп үміттеніп, 2015 жылдың наурызында «Гюрал» ЖШС-ке тағы алты миллион теңгеге жуық ақша аударды. Бұл сомалар шарт бойынша мұнайды жеткізетін көлік компанияларының қызметтеріне төлем жасауға керек деп сендірді.

- Миллиард теңге – ірі сома. Бұл ақшалардың қайда кеткені туралы болжамдарыңыз бар ма?

- Қылмыстық іс аясында бұл мәселелердің анық-қанығына жеткізетін сәйкесінше аудиторлық тексерулер мен сараптамалар жүргізу қажет, әзірге еш нәтиже жоқ. Несие берушілердің қолындағы мәліметтерге сәйкес, ақшалар өз компанияларына, соның ішінде Шленских және оның «командасымен» оффшорлық және үлестік байланысы бар фирмаларға аударылған. Маған белгілі болғандай, бұл операциялар шикі мұнай сатып алушылардан олардың қазақстандық шоттарына ақша түскен күннің ертеңіне жасалған. Түскен ақшалар Шленских мырзаның үлестес компанияларына қарыз ретінде шығарылып отырған. Бұл олардың шарттық міндеттемелерін орындауға құлықсыздығына немесе орындауды басынан бастап жоспарламағандарына да айғақ болады. Шағымданушылардың ақпараттары бойынша, ол осы ақшаны басқа кен орнын сатып алуға жұмсаған. Бұл - Ақтөбе облысындағы «ЛайнсДжамп» ЖШС мұнай өндіріп отырған кен орны. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «ЛайнсДжамп» ЖШС қызметкерлеріне жалақы төленбеген. Біздің ақпараттарымыз бойынша, «Гюрал» ЖШС түрлі шағын МӨЗ-дерге құжатсыз, қолма қол ақшаға мұнай сатуын жалғастырып келеді. Яғни, қаражатты айналымнан шығарып жатыр деп пайымдауға болады. Барлық үш компанияның («VegaResources» ЖШС, «Exditrade» ЖШС, «TitanOilTrading» компаниясы) алдын ала төлемдері 2014 жылдың мамыр-маусым айларында жасалғанын ескерсек, сол уақытта мұнайдың бір баррелі 100 АҚШ доллары болғанын атап өткен жөн.

- Яғни, кіммен істес болғаныңызды түсіну үшін бір жылдай уақыт керек болды ма?

- Шарттың сақталып отырғанына үнемі сендіріп отырғанын ескеру керек. Дегенмен әлдебір жеткізілімдер жүзеге асырылды ғой және проблемалар бір күні бітер деген үміт болды. Оған компания қожайыны Шленских мырзаның жеке тартымдылығын қосыңыз. Лайықты бағасын беру керек, оның адамды иландыру дарыны бар шығар.

Міндеттемелерді орындаудан үзілді-кесілді ешкім бас тартқан жоқ, керісінше, үнемі уәделер беріліп, қарыздар бойынша салыстыру актілеріне қол қойылды, «Гюрал» ЖШС-нен үлесін кепілдікке беруге дейінгі түрлі нұсқалар ұсынылды, тіпті заңгерлер деңгейінде кейбір ережелер мақұлданды, яғни жұмыстар жүргізіліп жатқандай болды. Бәлкім, жай уақыт создырған шығар. Мен жоғарыда айтып кеттім, мұндай жағдай нарық сегментінде жиі орын алмайды, ол жерде кездейсоқ адамдар мүлдем аз, бәрі бір бірін біледі... Атап кетейін, менің клиентім «Гюрал» ЖШС-мен шарт жасағандардың ішіндегі ең төзімдісі болып шықты. Біз «Гюрал» ЖШС-не қатысты сотқа талап арызды соңғы болып бердік.

- Ал басқа компаниялар ше?

- 2015 жылдың көктемінде менің клиентіме осыған ұқсас жағдайда қалған тағы екі мұнай трейдері бар екені белгілі болды. Олар экономикалық сотқа шикі мұнай жеткізу бойынша біраз сомаға қарыздар болған «Гюрал» ЖШС-нің үстінен талап арыз берді. Бірінші инстанция соты «Гюрал» ЖШС-ін борышкер деп танып, оны бережақтарын өтеуге міндеттеді. Бірінші инстанцияның сот шешіміне ешқандай аппеляция болмағанын атап өткен маңызды. Осылайша, сот осы компаниялардың алдында бережағы бар екендігін нақты белгіледі. Тараптардың дәлелдеріне лайықты құқықтық баға беріліп, «Гюрал» ЖШС өз міндеттемелерін орындамай отыр деп танылып, мұның нәтижесі бережақ сомаларды өндіру туралы шешім шығаруға себеп болды. Көрсетілген сот актілері заңды күшіне енді және жойылған жоқ. Сот процестері ашық болғандықтан, бұл ақпарат Жоғарғы соттың ақпараттық порталында қолжетімді. Кез келген ниет білдіруші осы сот актілерімен еркін таныса алады. Бұл туралы менің клиентіме белгілі болып, барлық үш компания кездесті. Сөйтсе, компаниялардың барлығында «Гюрал» ЖШС-мен бірдей уақытта жасалған ұқсас келісімшарттар бар болып шықты. Мұндағы барлық үш шартта мұнай көлемі шамамен бірдей, орындалу сапасы да сондай.

Бірақ Кредиторлар мақұлданған іс-әрекетті жүргізе бастаған кезде, ахуал шиеленісе бастады. «VegaResources» ЖШС өкілінің айтуынша, борышкер сот шешімін орындаудан жалтарып отыр. Сот орындаушыларына өндірілген мұнайды өткізу фактісіне қатысты нақты емес ақпаратты ұсынған, шикізатты қара нарыққа бұрып отыр.

- Бұл неден байқалды?

- Менің клиентімнің айтуынша, Шленских мырза бірден қоңырауларға жауап беруді доғарған, әрі кеткенде телефондағы стандартты түрде терілген: «Сөйлесе алмаймын, қолым бос емес» деген секілді СМС-хабарламалармен шектелген, т.с.с. Осыдан кейін оның әрекетінен зардап шеккен үш компанияның барлығы полицияға алаяқтық туралы шағым түсірген. Осы компаниялар алдындағы жалпы бережақ 15 миллоннан астам долларды құрайды. Бұл қомақты ақша, мұндай ақша үшін адамды өлтіруге де, түрмеге отырғызуға да болады. Мұның қаупі ең алдымен кредитор үшін өте үлкен. Біздің елімізде кредитордың сазайын тартқызған оқиғалар болды.

- Сіз басқа кредиторлармен біріккен әрекеттер туралы айтып өттіңіз. Бірақ әркім өзі үшін ғой?

- Дәл солай деуге болмас, сенімге және Заңды сақтауға негізделген келісілген іс-әрекеттерсіз бұл жағдайда іс бітпейтінін бәрі түсінеді. Тіпті кредиторлардың бірі Борышкердің банкротқа ұшырауына қол жеткізетін болса, ол ештеңе ұтпайды. Мүлік бәссаудаға түсіп, біздің кезегімізге, кредиторға есеп-айырысу жеткенше ақша жетпей қалуы да мүмкін. Ірі кредиторлардан басқа қарыздар болған жеке кәсіпкерлерден бастап шағын компаниялар да жетерлік. Бұрғылаушылар, тасымалдаушылар, жұмысшылар, тіпті бірнеше ай бойына мұнай кәсіпшілігінің қызметкерлерін қарызға тамақтандырған асхана қожайыны да бар. Әңгіме бір тиынсыз қалған ондаған, тірті жүздеген адамдар туралы болып отыр. Айтпақшы, жергілікті және республикалық бюджеттерге төлемақы түгел алынбаған салықтарға қатысты проблемалар бар. Мен айтып өткендей, біз сотқа «Гюрал» ЖШС-не қатысты ақтау процедурасын қолдану туралы өтінішпен шықтық. Кредиторлар, соның ішінде менің клиентім мемлекеттің заңда қарастырылған тәртіппен олардың өтініштерінің негізінде осы кәсіпорынға Борышкер ретінде ақтау режимін енгізгенін қалайды. Үш кредитордың барлығы жорамалдап отырғандай, сол кезде борышкер компанияны банкроттықтан құтқарып, Шленскихтың және компания басқаруындағы адамдардың қатысуынсыз барлық кредиторлармен біртіндеп есеп-айырысуға болады. Ақтау процедурасы кәсіпорынға өкілетті мемлекеттік органдармен және сотпен бақыланатын ерекше басқару режимін енгізуді қарастырады. Үш компанияның үшеуі де сотқа тиісті талап арызбен шығып, бәрі сол жерде басталды. Кредиторлар тарапына рейдерлікке айыптаулар қарша борады. Яғни, шаруашылық дауына әлдебір күштер араласа бастады. Оның табиғатын тек болжай аламыз.

- Араласқаны қалай байқалды?

- «Гюрал» ЖШС әрекетінен зардап шеккен компанияның бірінің өкілін полицияда бір тәуліктей ұстады. Оған өзінің компаниясына шынымен де үлкен сомаға қарыздар екенін дәлелдеуге, тіпті осыны растайтын сот шешімін көрсетуге тура келген.

- Ұстау қандай негізде жүргізілген?

- Осы адамның айтуынша, әсіресе мазалайтын жайт, оны ұстау үшін тіпті ешқандай формалды негіз болмаған. Біз айтып отырған адам менің клиентім емес, сондықтан менің бұл тақырыпты талқылауға құқығым жоқ. Бірақ біз ұстауға қатысты хикая мен адвокат ретінде мүддесін қорғайтын «Exditrade» ЖШС өкілдеріне де қатысты қайталануы мүмкін деп қауіптенеміз.

- Мұның бәрінің артында кім тұруы мүмкін?

- Айту қиын. Тек болжауға ғана болады.

- Болжамның да түбінде әлдебір негіз болуы тиіс қой.

- Евгений Шленских «Гюрал» ЖШС-нің бенефициарлы қожайындарының бірі болып табылатын БАЙМЕНОВА Мунира Орхаевнаға үйленген. Кредиторларға Е.Шленских оны сол кездегі Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшысының немере қарындасы ретінде таныстырған. Енді біздің тарапымызға рейдерлікке қатысты жазғырулар айтылған кезде, менің пікірімше, бұл жағдай процеске ықпалды адамдар араласуы мүмкін деп ойлауға негіз беріп отыр. Адамды бір тәуліктен астам уақыт полицияда ұстап, оның рейдер еместігін дәлелдеуге тура келуін кездейсоқ сәйкестік деп атау қиын. Іс жүзінде жеке қауіпсіздік үшін үлкен қауіп бар, сондықтан үш компанияның барлығы, «Гюрал» ЖШС кредиторлары мемлекеттік органдардың назарын осы хикаяға бұрғылары келеді. Бұл шаруашылық дауының шеңберінен шығып кетті, әңгіме ақшасыз қалған ондаған адамдардың тағдыры туралы болып отыр. Кредиторлардың денсаулығына қауіп төніп тұр.

Веги өкілінің комментарийі:

Иә, шынымен де «VegaResources» ЖШС, Exditrade ЖШС және TitanOilTrading арасында қарызгер компания «Гюрал» ЖШС-ке қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында қарастырылған қылмыстық және азаматтық процестер аясында бірігіп әрекет жасау келісімі бар. Мақалада келтірілген фактілер мен жағдайлар, өкінішке орай, іс жүзінде орын алған.

Бұл оқиғада Кредиторлар үлкен материалдық шығын келтірілген, құқықтары мен мүліктік мүдделері бұзылған зардап шегуші тарап екендігіне қарамастан, бізге ертеңгі күні Қарызгердің ойдан шығарған айыптауларынан қорғануға тура келетін шығар, қарсыластарымыз мұны жасап та жатыр. Мұндай қауіптер негізсіз емес, өміріміз бен денсаулығымыз үшін қауіптенеміз.

Қылмыстық іс бойынша біздің, әрине, түсініктер мен бағалаулар беруге құқығымыз жоқ. Мұны жасауға ертерек. Алайда біз құқық қорғау органдары, тергеушілер мен соттар бәрінің басын ашып, заңды және уәжді шешімдер шығарады деп сенеміз.

Марат Асипов

(Жарнама негізінде)

2 қыркүйек 2015, 14:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған