Атырауда Нұрсая ықшамауданындағы үй құрылыстары аяқталғаннан кейін қолжетімді баспана мемлекеттік бағдарламасы аясында үйлер Контейнерный ықшамауданының жанынан бой түзеп жатқан Береке ықшамауданында салыады. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады.
«АЖ» тілшісіне Береке ықшамауданында салынатын құрылыстардың жобасын бірінші болып көрудің сәті түсті. Оның ауданы 8 гектарды құрайды. бұл жерде сегіз 60 пәтерлік, бес 45 пәтерлік және үш 30 пәтерлік коммуналдық үй, балабақша, екі ойын және төрт балалар алаңқайы салынады. Ықшамаудан ЖЭО жылу желілері арқылы жылытылады деп болжануда. Жобаны 2017-2018 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.
Құрылыс ауқымдарын салыстырайық: «Салтанат Сарайы», «АРЕС Petrotechniс» жоғары техникалық мектеп және Болашақ ықшамауданы арасында орналасқан Нұрсая ықшамауданындағы соңғы құрылыс орнының ауданы 19,4 гектарды құрайды. Бұл жерде 30 көппәтерлі үй (қазір 5 үй қолданысқа беріліп, 13 үйдің құрылысы аяқталған, қалғандары салынып жатыр), балабақша және мектеп салынады.
Жалпы, қалалық әкімдікте түсіндіргендей, Береке ықшамауданы – Контейнерный ықшамауданы маңындағы аумақты игерудің тек алғашқы кезеңі. Болашақта Привокзальныйдағы темір жол өткелінің маңындағы ашық даланы көппәтерлі үйлерге толтырамыз деп сөз беріп отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ