Атырау, 28 қараша 23:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​Қоңыраудан қоңырауға дейін

3 467 просмотра

Image 0Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бұған аудан мектептері дайын ба?

ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНДА 20 мектеп бар. Аудандық білім бөлімінің ақпараты бойынша, барлық мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушыларды қабылдауға 100 пайыз дайын тұр. Биыл Құлсарыда екі жаңа мектеп ашылды. Бұрынғы ескі балабақша күреліп, оның орнына 300 орындық №19 мектеп салынды. Ал №21 мектептің ашылуы жаңа оқу жылы қарсаңында өтпек. Бұл мектеп қаланың Аэропорт ықшам ауданы балалары үшін үлкен сыйлық болды. Заманауи үлгідегі мектептер салу ауданда бұдан кейін де жалғаспақ. Болашақ ықшам ауданындағы мектеп қазақ-түрік лицейі болып қайта құрылды. Бұрынғы мектептің күрделі жөндеуіне бюджеттен қаражат қарастырылған болатын.

- Лицейге 6-шы сыныпты бітіргендер қабылданады. Алғашқы емтихан 25 тамызда өткізілді. Онда арнайы шақырылған ұстаздар сабақ береді, - дейді Жылыой ауданы білім бөлімі басшысының орынбасары Жанар ҚАЗИЕВА.

Ауданда ең өткір тұрған мәселе - кадрлардың жетіспеушілігі. Өткен оқу жылында 70-ке жуық мұғалім тапшылығы анықталды. Білім бөлімі мен аудандық әкімдіктің шақыруымен Жылыой ауданына Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбенің 30-ға жуық педагог-түлегі келді. Олардың ішінде математика, физика, ағылшын пәндері мұғалімдері бар. Жас кадрларды баспанамен қамтамасыз етуді аудандық әкімшілік өз жауапкершілігіне алған. Десек те, орыс сыныптарына мұғалімдер жетіспей отыр.

МАХАМБЕТ АУДАНЫ. Жаңа оқу жылы қарсаңында Жалғансай ауылында жалпы құны 630 млн теңгеге бағаланған 300 орындық мектептің (суретте) құрылысы аяқталды. Мердігері - «АксиомаСервисКонтракт» ЖШС (директоры Қайрат ҚАМАЛБАЕВ). Мектеп дайын болғанымен, сумен қамтуда проблема көп. Ауылда судың болмауына байланысты балалар әжетхана мен қол жуғышты пайдалана алмайды. 10 тонналық су сақтайтын қазан суы асханадан артылмайтын көрінеді.

- Бұған қосымша тағы су қазанын жасауды мердігерге тапсырып отырмыз. Әйтпесе, ауылдағы «Ақ бұлақ» бағдарламасы биыл орындалмауы мүмкін. Келесі жылы ауылда су болады деп отырмыз, - дейді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Азамат АЙМАНАКУМОВ.

Махамбет ауылындағы О. Шонаев атындағы мектептің күрделі жөндеуі тамыздың басында басталған – мердігерді анықтауға уақыт көп кеткен. Жұмыстарға 85 млн теңге бөлінді. Бұл соңғы 40 жылда жүргізілген алғашқы жөндеу болмақ.

Күні бүгінде мектептің едендері бұзылып (суретте), шатыр ауыстыру жұмыстары жүруде.

- Оқушылар осы ауылдағы гимназияның ғимаратында уақытша оқитын болып шешілуде, - дейді мектеп директоры Айгүл СҰЛТАНҒАЛИЕВА.

Мектептің күрделі жөндеуін «ДанСтройБаза ЛТД» ЖШС жүргізуде.

- Келісімшарт бойынша жөндеу ісін қарашаның 10-да аяқтауымыз тиіс. Бірақ біз қыркүйектің 15-нде бітіруді көздеп отырмыз. Құрылыс материалдары да, жұмысшылар да жеткілікті, - дейді «ДанСтройБаза ЛТД» ЖШС директоры Сержан УСЕЕВ.

ИНДЕР АУДАНЫ. Аққала және Ынтымақ ауылдарындағы апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңасы салынған жоқ. Биыл ауданда күрделі жөндеу жүргізілуге тиісті тізімге бірде-бір мектеп ілінбеді. Есбол ауылында шалғай қыстақтарда тұратын балалар үшін салынған 70 орындық интернат-жатақхананың құрылысы (жалпы құны 212 млн теңге) қыркүйектің 15-нде толық бітеді деп күтілуде. Күні бүгінде ғимараттың сыртын абаттандыру калған: төсемтас төсеу, жарықтандыру, ойын алаңдарын жасау.

Image 1- Барлық құрал-жабдықтарды Алматыдан әкелудеміз. Біздің екі жыл сынақ мерзіміміз бар. Енді мемлекеттік комиссиядан өтуі тиіс, - дейді «БолатД» ЖШС директоры Дарын ЗҰЛҚАШЕВ.

ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНДА 17 мектептің 3-еуі, яғни, Сағыз, Ойыл, Қызылқоға округіндегі мектептер күрделі жөндеуге сұранып-ақ тұр. Биыл Көздіғара округіндегі Жаңашаруа мектебіне (бюджеті - 66 млн теңге) күрделі жөндеу жүргізілген. Аудан бойынша үш орыс тілі, төрт математика, бір технология пәні мұғалімдері қажет.

- Оқулықтар толық жетті. Ауданда 5 831 оқушы болса, оның 686-сы бірінші сыныпқа қабылданады. 166 бала әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан тұрады. Мекеме, бөлім басшылары демеушілік танытып, киім-кешек, құрал-жабдықтарын алып беруде. Сонымен қатар, мектептерде гуманитарлық пункттер ашылған. Адамдардан қабылданып алынған киімдерді балалар өздері таңдайды, - деп хабарлады Қызылқоға ауданы білім бөлімінің басшысы Амангелді БАҒДАРОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.