Жақында Атырау қалалық соты өте сирек кездесетін бір істі қарады: зейнеткер өзіне медициналық көмектің көрсетілмегендігіне шағымданып, жеңіске жетті.
№5 қалалық емханада есепте тұрған зейнеткер өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем бригадасын шақыртады. Содан кейін үйге учаскелік дәрігерді шақырады, алайда тек фельдшер ғана келді. Учаскелік дәрігер келмеген соң, қарт адам аудандық емханаға өзі барады, бірақ медициналық көмек ала алмайды. Осыған байланысты ол өз құқығын қорғап, медициналық көмек сұрап барғанда, қызмет көрсетпеген медицина мекемесінен моральдық зиянды өндіріп алу үшін сотқа жүгінеді. Сот зейнеткердің пайдасына қалалық емхана 40 000 теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын төлеу керек деп шешім шығарды. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.
Айтақшы, денсаулық сақтау органдары зейнеткердің шағымын тексеріп, емхана әкімшілігі оған шынымен де медициналық көмек көрсетпегенін анықтады. Осы мекеменің қызметкерлері жауапкершілік жазаға тартылды..
Зульфия ИСКАЛИЕВА