Атырау, 5 мамыр 01:59
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

​Бодибилдерлердің тамаша өнері

2 288 просмотра

Image 0Өткен сенбіде Атырауда бодибилдингтен абсолюттік санатта Батыс Қазақстанның ІІ ашық чемпионаты өтті.

Бодибилдерлер бұлшық еттерінің әр бұлтығын анық көрсету үшін денесіне арнайы май жағады – бұл төрешілер үшін. Ал, көрермендер, әсіресе, нәзік жандылар үшін жігіттерге бұлшық еттеріне қатты күш салғанына қарамастан, қошеметке ие болу үшін жымиып, көздерін ойнақтатуға тура келді.

Мен гримдеу бөлмесіне келгенде қатысушылардың барлығы көрсетілімге дайын екен, көмекші қыздар білікшемен денелеріне күнге күйгендей май жағып, кейбірі жаттығулар жасап жатыр (кейін анықтағанымдай, жаттығу жасаған бойда бұлшық еттер көлемі өсіп, буылтықтықтанып тұрады).

Залда музыка жіберіліп, сұлу мүсінді еркектер подиумға көтерілді. Турнирге Атырау, Ақтөбе, Мәскеу және Астраханнан тоғыз спортшы қатысты. Бәрінің бойы, сойы, салмағы, бет-жүзі әр-түрлі: бірі өзін барынша байсалды етіп көрсеткісі келсе, бірі бұлшық еттерін ойнатып, ойнақы көздерімен залды баурайды. Көрермендер де өздеріне ұнағандарын белгілеп, жанкүйерлік танытуда.

Белгі беріліп, жарыстың алғашқы байқауы басталды. Облыстың армрестлинг, кір тасын көтеру спорты, бодибилдинг және стронгмен (күштік экстрим) бойынша аға жаттықтырушысы және жарыстың қазылар алқасының төрағасы Сергей ПЕРЕДИСТЫЙДЫҢ айтуынша, спортшылар алдыңғы бицепс, денені керу, жанынан кеуде-бицепсін, артынан қос бицепс, жанынан трицепс және пресс-жамбас көрсету сияқты бірнеше негізгі жаттығуларды орындайды. Бұл сөздерге көп түсіне қоймасам да, көзбен көргенде керемет әсер аласың.

Көрсетілім кезінде спортшылардың бар өнерлерін салып жатқаны байқалады: денелері дір етіп, көздері шарасынан шығып кеткелі тұр. Дегенмен де, қызыға да қызғана ысқырған ерлер мен қыздардың «аһ ұрған» қошеметтері байқауға қатысушылар үшін үлкен марапат болды.

Сәл демалыстан кейін екінші байқау басталды: жігіттер тек бұлшық еттерін емес, өздерінің шығармашылық әлеуеттерін де көрсетті, көрермендерге әуен астында ең мықты жақтарын көрсетуге ерікті болды. Маған, әсіресе, өз номерлерін, залға қылымсымай-ақ, мүлтіксіз, әдемі көрсеткен Роман ИВАЩЕНКО ұнады, ал «Терминатор» филь-мінің музыкасы астында өнер көрсеткен Самат ДАХЛЕШЕВ Шварценеггердің өзінен басым түскендей.

Алайда төрешілердің пікірі менің ойыммен сәйкес келмеді және фитнес нұсқаушы Владимир МАРТЫНОВ чемпион атанды. Екінші орын мәскеулік қонағымыз Алексей ФРОЛОВҚА, үшінші орын фитнес нұсқаушы Роман Иващенкоға бұйырды.

Спортшылар чемпионат ұйымдастырушылары – «Орандж» спорт клубына, «Маяк» түнгі клубына, Wheels Brothers мото-клубы мен оның президенті Олег Шмальға және Батыс Қазақстан бодибилдинг және фитнес федерациясына, оның төрағасы Сергей Передистыйға алғыс айтады.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

13 тамыз 2015, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.