8 тамызда Астраханда Ресей Денешынықтырушылар күніне орай байдаркамен және каноэмен есу бойынша ескекшілердің халықаралық старты өтті.
Біздің көршілеріміз бен достарымыз осы денсаулық, күш пен сұлулық мерекесін кеңінен атап өтті. Бүкіл қала бойынша жаппай старттар, жүгіру, ойын түрлері мен жекпе-жектен турнирлер өткізілді.
Алуан түрлі ескек есу сайыстары Волгада да өтті. Дәстүр бойынша сайысты жасөспірімдер мен юниорлар ашты. Олардан кейін тәжірибелі танымал ескек есу шеберлері кірісіп, турнирді марқасқа ескекші ардагерлер аяқтады. Су айдынында жігерлі немересінің жанынан самайына ақ кірген атайды көруге болады. Бұл Атырау тұрғыны, танымал спорт ардагері Евгений Михайлович УХОВ (суретте). Ол Денешынықтырушылар күнін атап өтуге қатысу туралы ескекші достарының шақыруын қуана қабылдады. Қатысушылар құрамы жарысқа сай болды: ардагерлер арасында әлем біріншілігі мен Еуропаның жеңімпаздары мен жүлдегерлері, КСРО мен Ресейдің бірнеше дүркін чемпиондары бар. «Золотой Затон» акваториясында Евгений Михайлович өте лайықты өнер көрсетті: каноэде есуден өзінің жас ерекшелігі тобында (60-65 жас) ол екі жарыста: 200 және 1 500 метрде жеңімпаз атанды.
Спортшылар мен көрермендер ескек есудің көзі тірі аңызын – Ұлы Отан соғысының ардагері, ескек есу мен каноэ бойынша КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы, РСФСР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы 92 жастағы Вячеслав Викторович Тихоновты шынайы құрметпен қарсы алды. Жарыс жеңімпаздарын марапаттаған ол әзілмен «жастарға» әрі қарай жетіле түсіп, жеңістерге жете беруді тіледі.
И. Дмитриева