Алматы. 11 тамыз. ҚазТАГ – Қытайлық хакерлер АҚШ президенті Барак Обама әкімшілігінің қызметкерлерінің электрондық поштамен хат алмасуларына қол жеткізді, деп, NBC телекомпаниясына сілтемелеп ТАСС хабарлады.
Хабарда, телекомпанияда қандай да құпия құжат барлығы айтылады. Бірақ журналистер ол құжатты кім дайындағанын нақтыламайды. Хаттарды ұстап алу кем дегенде 2010 жылдан бері жүргізіліп келген. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік агенттігінде (ҰҚА) 2014 жылғы брифингте айтылыпты. Аталған іс алғашқыда құпия түрдегі «Билеп жүрген панда» деп аталып, кейін «Аметист легионы» деген бүркеме атпен аталған.
«Брифинг өткізіліп жатқанда жеке хат алмасу бұзылған күйде болған, және ресми тұлғаның айтуынша, осындай жағдай қазір де сақталып отыр. Сонымен қатар шенеуніктерге берілген ресми жеке пошта жәшіктері бұзылмаған, себебі американдық барлау өкілінің айтуынша, олар едәуір күрделі дәрежеде қорғалған», - деп жазады телекомпания.
Хабарда айтылғандай, «ұлттық қауіпсіздік және саудамен айналысатын шенеуніктердің барлығының» электрондық пошталары тексеріліп отырған. Ол аз десеңіз, осы пошта жәшіктерінің адрес кітапшалары вирус жұқтырған хабарлар тарату үшін пайдаланылған.
2014 жылы белгілі болған «Билеп жүрген панда» қытайлықтар жүзеге асырған 30-дан астам операциялардың ішінде болыпты. Оны ҰҚА және басқа да американдық барлау ведомстволары былтыр құпия құжаттарда естеріне алады.
Өткен аптада NBC хабарлағандай, осы операцияның нәтижесінде 600-дей электрондық пошта жәшіктері бұзылды.
Шілденің басында америкалық үкіметтің кадр басқармасының ресми өкілі мойындағандай, беймәлім хакерлер 25 млн-нан асатын адамның, оның ішінде бұрынғы қызметте болған мемқызметкерлердің жеке мәліметтерін ұрлаған. АҚШ ұлттық барлау директоры Джеймс Клэппер кадрдағы қызметкерлердің мәліметтерін ұрлауға қытай хакерлерінің қатысы бар деп мәлім етті.
Дереккөз: ҚазТАГ